
ОБЛЫС ӘКІМІ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ ІСТЕРГЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ
Облыс әкімі Амандық Баталов Балқаш ауданындағы жұмыс сапарында «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-ның күріш алқабын аралап, күріш өңдейтін зауыттың жай-күйімен танысты. Содан кейін Бақанас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашылу салтанатына қатысып, аудандық орталық ауруханаға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысын көрді. Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовтен өңірде атқарылып жатқан жетістіктер жайын біліп, аудан тұрғындарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелескен облыс басшысы аймақтың экономикалық-әлеуметтік тұрғыдағы даму қарқыны, алдағы міндеттер мен атқаратын жобалар туралы да айтып өтті.
Мұнан соң облыс әкімі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан аудандық аурухана ғимаратының хал-ахуалымен танысты. 2019 жылы Балқаш ауданына келген жұмыс сапарында аурухананың тозығы жеткен апатты жағдайын көрген облыс басшысы ғимаратты толықтай қайта жаңғырту керек деген шешім қабылдаған болатын. Кейінгі 30 жылда жөндеу көрмей, әбден ескірген нысан бүгінде жаңа кейіпке енген. Ғимараттың жаңғыртылуы жайлы «Нұр-Шапағат Құрылыс» ЖШС өкілдері қысқаша баяндап, ішін жөндеу жұмыстарын көрсетті. Бұған дейін қабырға кірпіштерінің тозғаны соншалық оны тек сылақ қана ұстап тұрған болса, қазір қабырғалары жаңарып қана қоймай, сейсмикалық жағынан күшейтіліп, сылақтың ішінен арматураланып, екі жағынан да мықты темір тормен қапталып, нығайту жұмыстары сапалы жүргізілуде. Облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан қайта пайдалануға берілген соң жаңа аурухананың медициналық құрал-жабдықтары да толық жаңаланатынын айтты.
Атап өтсек, аудандық аурухананың жөндеу жұмыстары 2020 жылдың қыркүйек айынан басталды. Күрделі жөндеуге 1,6 млрд.теңге қаржы бөлінсе, ғимараттың жалпы ауданы 5,5 мың шаршы метр. Мұндағы тәуліктік стационары 1010 төсектік, күндізгі стационары 20 төсектік. Ауруханада 48 дәрігер, 184 орта буын медицина қызметкерлері, 78 басқа да жұмысшылар болып 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Әзірге олар уақытша басқа ғимаратта қызмет көрсетіп отыр. Белгіленген жоспар бойынша ғимараттың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталып, аурухана қолданысқа толық дайын болмақ.
Облыс әкімінің Балқаш аудынандағы жұмыс сапары міне, осылай қорытындыланды. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан басшылары мен іскер азаматтарға өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеру үшін тағы да бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл да аудан тұрғындары үшін үлкен жақсылықтың бастамасы болмақ.