
СПОРТ-СЕНІҢ СЕРІГІҢ
Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген терең мағыналы сөз бар. Шындап келгенде, әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, шағын мемлекет. Отбасы – әрқайсымыз үшін сүйіспеншілік, сыйластық, жарастық, татулық орнаған қасиетті мекен. Осы кішігірім «мемлекетімізде» бойымызға дарыған тәлім – тәрбие, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілік, ар – намыс қағидалары өмір бойы бізді жетелеп жүреді. Себебі, отбасының бала тәрбиесінде алар орны ерекше, баланың қалыптасуы отбасынан бастау алады. Сондықтан да туған үйдің жылуы – оның жүрегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ата-ананың тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасатыны сөзсіз. Осы ретте ойыма «Ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деген мақал түсіп отыр. Яғни халқымыз ұл баланың да, қыз баланың да отбасынан бастау алатын тәлім – тәрбиесіне аса мән берген.
Отбасы күні-Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Осы отбасы күніне орай 9-шы қыркүйек күні ауданымызда орналасқан «Дене шынықтыру және сауықтыру орталығында» “Спорт сенің серігің” атты эстафеталық жарыс ұйымдастырылды.
Жарысқа Бақанас, Бақбақты, Қарой және Береке ауылдарының жас отбасылары қатысты. Жарыс мақсаты- жас отбасылар арасында береке, татулық, топпен жұмыс істей білу қабілеттіліктерін арттыру болып табылады.
Жарыс қорытындысы бойынша І-ші орынды Бақбақты, ІІ-ші орынды Қарой, ІІІ-ші орынды Бақанас ауылының намыстарын қорғаған жас отбасылар ие болды.