Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 01 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» - атты Жолдауы жөніндегі аудан активі жиналысындағы Балқаш ауданының әкімі Ғ.Тоқпейісовтің сөйлеген сөзі
02 қыркүйек 2021 жыл
Құрметті аудан активі!
Қадірменді қауым!
01 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» - атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемиядан кейінгі экономикалық даму, цифрландыру жедел ілгерілету, денсаулық саласының тиімділігін арттыру, ауылшаруашылығы саласын өркендету, ғылым мен білімді алға бастыру, спорт пен дене тәрбиесінің бұқаралылығын көтеру, экология, еңбек нарығы, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және тағы да басқа осы тәріздес аса өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарына назар аудартты.
Президент Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастады.
– Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Орта Азияда экономикасы дамыған көшбасшы мемлекеттің біріне және халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.
Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.
Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.
Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.
Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды.
Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.
Көптің қалауы - Президент назарында. Дәстүрлі Жолдау өткенді саралап, барымызды бағалап, кем-кетігін түзеп болашаққа бағдар құратын құжат.
Мемлекет басшысы еліміздің қазіргі жеткен жетістіктеріне, береке-бірлікпен еселі еңбектің арқасында қол жеткізгенімізге тоқтала келіп, келешекте де кез-келген сың қатерге дайын болуды ескертті.
Еліміздің әр азаматы Тәуелсіздіктің игілігін сезіну керектігін, жас ұрпақтың өз болашағына нық сеніммен аттау тиіс екендігін айтты. Осы орайда, еліміздің әлеуметтік саяси дамуының бірнеше басым бағыттарын айқындап берді: ауылшаруашылығын технологиялық қолдау мен аграрлық саланы, ұлттық геологиялық қызметті дамытуды және жер қойнауын пайдалануды тапсырды. Сондай – ақ, «Ұлт жоспары» аясында басталған реформаларды аяқтауды, тұрғын үй бағдарламаларын халыққа тиімді етіп жоспарлауды ұсынды.
Жолдауда Президент еліміздегі басты бағдарламаларды 2022 жылға дейін ұзарту жөнінде сөз қозғады.
«Үдере көшкен уығын сындырады, жұмыла жұмыс істеген - жұмысын тындырады» - демекші, саяси құжаттың ұтымды идеялары аясында бірігіп, алдымызға қойған тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырамын.
Президент Жолдауында әдеттегідей осы жолы да білімге көп көңіл бөлген. Яғни, мемлекет басшысы жас ұрпаққа заманауи сапалы білім беруді одан әрі жақсарту жолында атқарылар ауқымды жұмыстар жайын кеңінен баяндады. Оның ішінде мұғалімдердің жалақы мәселесі, оқушылар орнының жетіспеушілігіне байланысты жаңа мектептер салу, балаларды ерте бастан мамандыққа дайындау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға толық қолжетімділігінің болуы сияқты өте өзекті істер қамтылған.
Ғалымдарға өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керектігін айтып, нақты тапсырма берді.
Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн деп баса айтты Мемлекет басшысы.
«Ауа райының қолсайсыздығы мал шаруашылығындағы түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Осы орайда Президент ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек екенін атап өтті.
«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Осы орайда Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігіне тоқталды. Жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылданады деп баса айтылды. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау әрі оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шараларына байланысты Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек.
Президент азық-түліктің бағасына қатысты: мәселені жөнге келтіру керек, алдымен ол жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үлестіру. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тауар өндірушілер баға тұрақтылығын сақтау үшін оларға арналған бірыңғай бақылаудың керектігін айтты. Бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру керек. Бұл ретте Үкімет 1 айдың ішінде шешім қабылдауы тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.
– Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз, – деді Мемлекет Басшысы.
Міне ағайын, бұл Жолдау елдің даму бағыт-бағдарын айқындаған, еліміздің болашағын, экономикасын бағамдатқан, ішкі-сыртқы саясатты қамтыған еңбек болды.
Осы стратегиялық Жолдауды жүзеге асыру, ең алдымен, қазақ халқына жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да айтылған басымдықтардың ойдағыдай жүзеге асуы Біздер мен Сіздерге байланысты. Президент Жолдауда атап өткендей, біздің басты күшіміз - бірлікте. Сондықтан ауызбіршілікте, ынтымақ, татулықта болайық!
Назарларыңызға рахмет!