Аудан әкімі Ғ.Тоқпейісовтің «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиынында сөйлеген сөзі
01.09.2021 жыл
Қымбатты ұстаздар, ата - аналар, қадірменді қонақтар мен оқушылар!
Сіздерді 1 қыркүйек - Білім күні дәстүрлі жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын.
Әлемдік өркениетке бет алған бүгінгі қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты.
Биылғы жылдың ерекшелігі - ҚР білім беруді дамытудың 2020 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктелді. Сондай - ақ, мемлекеттік бағдарламада педагог беделін көтеруге ерекше көңіл бөлінген. Еңбекақыны өсіру, мұғалімнің имиджін арттыру, біліктілігін көтеруге іс - шаралар жоспарланған.
Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім - ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» - деген екен. Сондықтан бүгінгі жастар ілім - білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азамат болуы қажет. Осы жолда қажымай, талмай еңбектің өлшеусіз үлесін көрсетіп, болашақтың бағдаршамы - ұстаз деген атаққа әрқайсыларыңыз да лайық болыңыздар, қымбатты ұстаздар!
Ұрпағының болашағы жарқын, келешегі кемел елде, сәулетті де дәулетті мемлекетте өмір сүргенін барлық халық армандайтыны анық.
Біздің ауданда да білім беру ісінде ізденістер мен нәтижелі істер көп.
Өткен оқу жылы әлемді жайлаған пандемияға байланысты толықтай дерлік қашықтан оқыту бойынша өтті. Сіздердің табанды ізденістеріңіздің, тынбай еңбектенулеріңіздің арқасында оқу жылы табысты аяқталды. Білім сапасы төмендеген жоқ. Ұлттық бірыңғай тестке оқушыларымыз бір кісідей қатысты. Бұл – Сіздердің жігерлі еңбектеріңіздің арқасы.
Аудан әкімдігі және аудан тұрғындарының атынан орта мектептің педагогикалық ұжымына айтар алғыс шексіз.
Білім беру ісінің сапалы болуы білім ордасы- мектептің материалдық-техникалық базасының мықтылығына да байланысты. Осы орайда, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 11 000,0 млн қаржы бөлініп, мақсатқа сай жұмсалды.
Биылғы жылы Жиделі орта мектебіне толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 441027.0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмысының 50 пайызы орындалды. Биылғы қараша айына толық пайдалануға беріледі.
Барлық мектептерде жазғы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 18170,0 мың теңге бөлініп, тамыз айының 10-на дейін толық аяқталды.
Құрметті 1-ші сыныпқа келген оқушылар!
Бүгін мектепке «тарыдай болып кіріп», толқып тұрсыңдар, ертең-ақ «таудай болып шығатын» шақ жетіп келеді. Уақыт жылдам. Бұл мектептен білім алып, түлеп ұшқан түлектер бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен еңбек етіп жатыр.
Сендерге сол аға-апаларыңның жолын берсін! Сендердің де білім әлеміндегі жарыстардан жеңімпаз атанатын сәттеріңді көретінімізге сенімім мол.
Оған осы мектептегі педагогикалық ұжымның білімі мен біліктілігі, ізденісі мен қажыр-қайраты жетеді.
Құрметті оқушылар! Аса қадірменді ұстаздар! Қадірлі қонақтар!
Егеменді еліміздің бүгінгі өркендеуі, әлемге танылуы - Тәуелсіздігіміздің арқасы.
Әрқашан ел іргесі берік, халқымыз аман болып, көгімізде көк байрағымыз желбіреп тұрса, басты бақытымыз - сол.
Сондықтан еліміздің ертеңі - жас ұрпақты тәрбиелеуге бәріміз бір кісідей атсалысайық.
Баршаңыздың жанұяларыңызға амандық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге нәтиже тілеймін. Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!