ПУИД-2 БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ПУИД-2 БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ПУИД-2 БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Өткен жылдың қараша айынан бастап аудан көлеміндегі Бақбақты, Бірлік, Ақдала және Береке ауылдық округтері аумағындағы суармалы егістік алқаптарға су жеткізетін каналдарды тазалау және егіс алқаптарындағы гидротехникалық имараттарды жаңаға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы орайда айта кетер болсақ, мұндай ауқымды жұмыс өңірімізде Ақдала алқабының игерілген жылдарынан кейінгі алғашқы рет жасалынып жатқанын айта кеткеніміз дұрыс. Егіс алқаптарына күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға тапсырыс беруші экология, геология және табиғат ресурстар министрлігінің Су ресурстар комитеті болып табылады.

Екі жыл мерзімге жоспарланған ПУИД-2 бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 7481 гектар жерді құрайтын ауқымды жұмысты жүйелі жүргізуді өз міндеттеріне алған «ТАМАС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген жұмыс кестесіне сай биылғы жылдың қараша айында жұмыстарын аяқтайды деп жоспарлауда.

ПУИД-2 бағдарламасы бойынша егіс алқаптарына жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзбен көру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге Ақдала ауылдық округінің аумағында орналасқан «Өтес-Ақдала» ЖШС-гі және Береке ауылдық округіне қарасты «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің егіс алқаптарына арнайы барып қайттық.

Сапар барысында аудан басшысының орынбасарына Су ресурстар комитетінің ПУИД2 бағдарламасы бойынша жоба басшысы Бақытжан Қосаев, осы мекеменің техникалық кеңесші Ерлан Тәжіқұлов, «ТАМАС» ЖШС-нің жер өлшеушісі Жақсылық Есмағанбетов атқарылып жатқан жұмыстар легін рет-ретімен таныстырып шықты.

Әңгіме барысында жоба басшысы Бақытжан Қосаев жоспарланған кестеге сай 7481 гектар суармалы алқаптарға су тарататын 135 шақырым канал және 139 шақырым қашыртқы канал, сонымен қатар 240 шақырым алқапаралық каналдар тазаланса, 6720 дана гидротехникалық имараттар ауыстырылып жат-қаны жайында айтты.

Ал, Ерлан Тәжіқұлов болса, егіс алқаптарындағы каналдарды қазу үшін 5 экскаватор, 1 бульдозер, сондай-ақ жұмысқа қажетті басқа да техникаларды жұмылдырып жатқанын және 35 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгені жөнінде айта келе, солардың бірі Ернат Молдабаев тәжірбиелі эксковаторшы деп қорытындылады.

Бүгінгі таңға дейін жоспарланған жұмыс кестесіне сай 120 шақырым канал, 125 шақырым қашыртқы канал, 154 шақырым алқапаралық каналдардың тазаланғанына баса тоқталды. ПУИД-2 бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың егіс алқаптарына тигізер пайдасы орасан зор болмақ.

Егіс алқаптарына тіршілік нәрін жеткізетін каналдарға қазу жұмыстары тұрақты түрде жасалынып тұрса, келешекте күрішті сумен бастыру жұмыстарында да қиындық тумайтыны анық. Ал қашыртқы каналдарды тазаласа, жерасты суларының тез көтеріліп, егіс алқаптарының сорлануына жол берілмейді. Осындай өзекті де өткір мәселелер осы жұмыстардың есебінде өз шешімін табатыны анық.