БАЛҚАШТЫҚ ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ
ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН
Ауданымызда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары десем артық айтпаған болар едім. Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы киелі өңірімізге басшы болып келгелі бері атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар легі толассыз. Бақ дарыған Балқаш ауданы күннен-күнге көркейіп, гүлденуде. Әрине бұл құрылысшылардың күннің аптап ыстығына, қытымыр суығына қарамастан жасап жатқан үлкен еңбектерінің жемісі. Ауданымызда салынып жатқан немесе күрдел жөндеуден өтіп жатқан кез келген ғимараттың, нысанның құрылысында құрылысшы қауымының қолтаңбасы жатыр.
Осы орайда, құрылысшылар мерекесі қарсаңында ауданымызда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарына тағы бір мәрте тоқтала кетуді жөн көрдім. Ең әуелі, аудан орталығында бес қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының қарқын алғанынан барша аудан тұрғындары хабардар екені сөзсіз. Еске сала кетсек, 2021 жылдың ақпан айында нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуді «Асан М компании» ЖШС-гі ұтып алған болатын. Құрылыс жұмыстары 12-ші сәуірден бастау алған тұрғын үйдің құрылыс мерзімі алты ай мерзімді құрайды. Ғимарат 20 пәтерлі, оның 5 пәтері үш бөлмелік (67,52м2) және екі бөлмелік 15 пәтер (56 м2) болады.
Ал, Аққөл ауылдық округі әкімдігі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бас мердігер «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС-гі. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыс мерзімі үш айды құрайды.
Сонымен қоса, аудан орталығындағы Орталық ау-рухананың күрделі жөндеу-сейсмокүшейте отырып қалпына келтіру жұмыстары 2020 жылдың 18 тамызында басталған. Мердігер «Нұршапағат құрылыс»ЖШС-гі. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 80% орындалып отыр. Құрылыс жұмыстары 18-ші қарашада аяқталады деп жоспарлануда. Бұл құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші Алматы облысыныцң Құрылыс басқармасы.
Жиделі ауылындағы Жиделі орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыс-тарын ағымдағы жылдың маусым айында «Компания стройиндустрия» ЖШС-гі мен келісім-шарт жасалынып, құрылыс жұмыстары басталды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 50% орындалды. Құрылыс жұмыстары 4-ші қазанда аяқталады деп жоспарлануда.
Құрылыс саласы-экономиканың іргетасы десек қателеспейтініміз анық. Кез келген елдің әлемдік қуаты құрылыс саласының дамуына байланысты. Мемлекеттің қолдауымен Тәуелсіздік- тің 30 жылдығы көлемінде елімізде құрылыс саласы қарқынды дамыды. Осы жылдар бедерінде Бақ дарыған Балқаш ауданы да түрленіп, келбеті келісе түсті. Мұның бәрі құрылысшылар еңбегінің жемісі деп білеміз.
Құрылыс алаңында тер төккен құрылысшылар-негізгі еңбек күші. Балқашты түрлендіріп, жаңа келбетін қалыптастырушы да – сіздерсіздер, құрылысшы қауым. Ауданымыздағы әрбір ғимарат, нысандардағы сіздердің қолтаңбаларыңыз қашанда айрықша.