Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты

Мемлекет тарапынан еліміздегі аудандардың әлеуметтік-эконимикалық жағынан дамуына көптеп көңіл бөлінуде.

Осы орайда аптаның сейсенбісі күні киелі өңірімізге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бауыржан Қасенов жұмыс сапарымен арнайы келді. Мемлекеттік инспектордан бөлек, Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жұмағұл Әлімбаев, аудан әкімі,  «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов және әкімнің орынбасары Жанат Жүнісбеков  бастаған топ аудандағы бірнеше нысанға арнайы барып, жұмысымен танысты.

Жұмыс сапарының барысында мемлекеттік инспектор ең әуелі Бақанас ауылынан салынып жатқан 5 қабатты 20 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып, мұндағы аумақты абаттандыру жұмыстарына да баса назар аударып, аудан басшысымен құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындардың тартыл-ғандығы жөнінде әңгіме өрбітсе, ал аталған ғимаратқа құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Асан М Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен мұндағы жұмыстың мән-жайын талқылады.

Бұдан кейін денсаулықтың-басты байлық екендігін тілге тиек еткен мемлекеттік инспектор ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін аудандық Орталық ауруханаға бас сұқты. Мұндағы құрылыс жұмыстарының қарқынын өз көзімен көрген ол халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін аурухананың заманауи жабдықтармен жабдық-талуының маңызды екендігін айта келе, аудан әкімі Ғалым Қасымұлынан  аурухана дәрі-герлерінің қазіргі уақытта емделушілерді қайда қабылдап жатқандығын сұрады. Аудан басшысы өз сөзінде: «Иә. Біз үшін тұрғындар денсаулығы қашанда алғашқы орында. Сондықтан аудандық  Орталық аурухана ғимаратына құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда, аурухана емханасы Бақбақты ауылына көшірілді, ал қалған дәрігерлер аудандық паллиативтік көмек көрсету орталығында тұрғындарға көмек көрсетуде» деп  жауап қатты.

Одан әрі сапар кестесіне сәйкес, мемлекеттік инспектор Бауыржан Қасенов Бақанас ауылында бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне барып, ғимараттың ішін аралады. Кешен қызметкерлерімен тілдескен ол спорт деңгейін көтерудің маңыздылығын әңгімеге арқау етті.

Мұнан соң құрметті қонақтар аудан басшысымен бірге Жел-тораңғы ауылдық округіне барып, ондағы жайылымдар мен шабындықтарды аралап, сондай-ақ қыс мезгіліне мал азығын дайындау барысымен етене жақын танысты. 

Осылайша ауданға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бауыржан Қасенов пен Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жұмағұл Әлімбаев ауданның даму қарқынына куә болды.