Мерекелік лебіздер!

Мерекелік лебіздер!

Тілеужан ӘУЕШОВ, зейнеткер:

Елордамыздың қазіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын бағамдайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем  қызыға көз тігуде.

Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз. Кең болсын Қазағымның керегесі,  Кетпесін Алла берген берекесі. Алаштың баласына нәсіп болған Құтты болсын, бас қаланың мерекесі.

                                                                                        

                                                                                               ***

         Анархан ЖҰМАДІЛОВА, мұғалім:

 

Нұр-Сұлтан-жеңістің кілтін достықпен тапқан нартәуекелдің қаласы. Арманы асқақ, асуы биік жандардың салған қаласы. Елінің бір күндігін емес, халқының 100 ғасырлық бірлігін ойлап, Елбасының салған қаласы. Еуразия кіндігіне орналасқан алты Алаштың бас қосқан қасиетті мекені, кемел келешегі бар жаңа қала бүгінде әлемдік саясатта ықпал жасайтын, Қазақстан жайында түсінік қалыптастыратын, қазіргі заманның ең ірі геосаяси жобаларының біріне айналды.

Халықаралық дәрежедегі спорттық ойындар мен әлемдік ауқымдағы басқосулар өтетін, сәні мен салтанаты келіскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ХХІ ғасырдың көркем сәулетті қаласы – Нұр-Сұлтан арман емес, ақиқатқа айналған, қиял емес, азғана уақыт аралығында қолымыз жеткен шынайы тарихи жетістік.