
Еліміздегі атаулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан басталады. Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемлекеттік статистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген. Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика жөніндегі комитет осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган саналады және елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады.
Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар.
Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді.
Статистика қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.
Жүз жыл ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді. Бүгінгі таңда статистикалық қызметтің дамуы Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылады. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын әрбір мемлекеттік орган нақты әрекеттер белгілеп, операциялық жоспар құрады.
Республикамыздың статистика органдары экономика, әлеуметтік және демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі салалар бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет бере алады.
Департаменттің ең мықты мамандары күн сайынғы еңбектерімен өз шеберліктерін дәлелдеуде. Олардың ішінде мұны өз өмірінің ісі деп санайтын қызметкерлер, статистика ардагерлері, атап айтсақ ұзақ жылдар бойы аудандық статистика басқармасын басқарған, бүгінгі күн арамызда жоқ Нұрбеков Мәкей, Асқанбаев Сабыр, Ақкушіков Бекберген, Молдахметов Дәуір ағаларымызбен қатар маман болып іқызмет атқарған Касеинов Мұхамади ағамыз өз қызметтеріне асқан жауапкершілікпен қарап, осы салада маңдай терін төккен жандар. Солармен қатар, қазіргі таңда көп жылдарғы бейнетінің зейнетін көріп отырған Нұрманбетова Назым, Қазанбаева Нағима апаларымызда өз ісінің білікті маманы.
Қазіргі таңда осы саланы жетік меңгерген ауданның статистика басқармасын басқарып отырған басшы Оразбаев Ғалымжан Серікбайұлы, ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан Қыдырбекова Ғалымкүл Советқызы, Қойшыбаева Сания Саматқызы және Қуанышбаева Гүлмира, Төкен Зарина, Додабаева Гүлім, Шұлғаубаев Азамат, Қаратай Меруерт сынды қызметкерлер өздерінің біліктіліктерімен еңбектерінде абыройға бөленіп жүрген жандар.
Статистика органдары іскер, білімді, табысқа жету жолдарын меңгерген, тәжірибесі мен білімін өзінің жұмысына салатын, ой-пікірлері бар нағыз патриоттарды тәрбиелеп келеді.
100 жылдық мереке қарсаңында статистика саласында қызмет істеп жүрген және қызмет істеп кеткен жандарды мерекелерімен құттықтай отыра, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!
Балқаш ауданының статистика басқармасы басшысы Оразбаев Ғалымжан Серікбайұлы