Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 қаулысының 8-тармағының, 1), 2)-тармақшаларына сәйкес, 2022 жылғы шілде айының 11 күні, сағат 11-00-де «Amanat» партиясының мәжіліс залында Бақанас ауылына қарасты ауылдың солтүстік-батысында орналасқан атауы жоқ 1-ші көшені Бақтыораз Бейсекбаев, 2-ші көшені Мұсабек Сеңгірбаев деп атау беру туралы мәселе қаралатындығын хабарлаймыз.
Қосымша мәлімет
Бақтыораз Бейсекбаев Шәмпекұлы 1920 жылы Балқаш ауданы, Жиделі ауылында дүниеге келген. Ата-анадан ерте айырылған Бақтыораз бен ағасы Бейсекбай туыстарының қолында қалады. Бертін келе, 1927 жылы ағасы жоқта Бақтыоразды сол кездегі ауыл белсенділері Атан деген кісі Іле станциясындағы балалар үйіне жібереді. Сөйтіп жеті жастағы Бақтыораздан бауыры Бейсекбай көз жазып қалады.
1937 жылы қазіргі Құйған ауылына (бұрынғы Сарыкөмей селолық Советі) Қиыр Шығыстан корейлерді әкеп қоныстандыра бастайды. Балалар үйінде, одан соң орыс қариясының тәрбиесінде болып, орыс тілін жетік меңгерген Бақтыоразды оларға тілмаш етіп жібереді. Еті тірі, пысық жігіт корейлердің үй салып, құрылыс жүргізуіне ықпал жасайды.
1938 жылы Бақтыораз Қызыл Армия қатарына шақырылып,соғыс Қарсаңында Смоленск түбіндегі жау тылына өтіп әрекет ететін 42- бомбылаушы дивизиясының 207- авиация бомбылаушы полкінде кіші сержант, әуе атқышы болған. 1941 жылдың 26 маусымында капитан А.С.Маслов бастаған 3-ші және капитан Н.Ф.Гастилло бастаған 4- эскадриялардың ДБ - ЗФ бомбалаушы ұшақтары Минск обл. Молодечненск ауданы, Радошковичи кенті маңындағы жаудың танк колоннасына әуеден соққы беруге тапсырма алады. Сол шайқас кезінде ұшқыштар оқ тиіп, отқа оранған ұшақты тіке жау танкілері мен автомашиналары шоғырына қарай бағыттайды. Көп жылдар бойы бұл Гастелоның ерлігі саналып, ал капитан Маслов экипажы хабарсыз кеткен деп есептелді. Қателік тек 1951 жылы ерлік болған жердегі ұшқыштардың денесін қайта жерлеу кезінде ғана анықталды.1993 жылы Маслов экипажы мүшелері қатарында Б.Бейсекбаевқа 1- дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, ал 1996 жылы 02 мамыр күні Ресей Федерациясы Батыры атағы берілгені жарияланды. Ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгеріне 1998 жылы 6 мамыр күні Қазақстанның ең жоғарғы наградасы - «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Мұсабек Сеңгірбаев - 1914 жылы қаңтар айының 26 жұлдызында бұрынғы Іле бойындағы Құм жалайыр болысының 14-ауылы, Сексеуілшұрық қыстауында, қазіргі Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақбақты ауылының маңайында дүниеге келген. Мұсабек әке-шешесінен ерте қалып, Күнес әпкесінің тәрбиесінде өседі. Қазақ халқының Ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры, 28 - Панфиловшылардың бірі.
1927 жылы «Қызыларық» колхозында қара жұмысшы болып қызмет атқарады. 1936 жылы Мұқыры МТС-інен механизатор курсын оқып бітіреді. Техника тетігін меңгеріп, алғашқы тракторшы болған Мұсабек өз замандастары арасында іскер әрі сенімді азамат ретінде жұртшылық құрметіне бөленеді. Мұсабек 1936 жылы Дәмбия Тұрғанбаеваға үйленеді де, 1938 жылы ұлы Төлеухан туады.
1941 жылы Мұсабек Сеңгірбаев ел басына қатерлі күн туып, Ұлы Отан соғысы басталғанда, фашизм сұрапылынан Отанын қорғау міндетімен өзі сұранып, Алматы қаласында жасақталған генерал И.В.Панфиловтың 316 атқыштар дивизиясының құрамына қабылданады. 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезі түбінде 316 атқыштар дивизиясының 1075 полкінің 4-ші ротасы сапында болып, сұрапыл соғысқа қатысады. Сол кездегі еліміздің Отаны - Мәскеу қаласын қорғау жолында өрімдей 27 жасында ерлікпен қаза табады.
Бақанас ауылдық округі әкімі аппараты.