«БАЛҚАШ ӨҢІРІ» ГАЗЕТІ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША ДЕРЕКТЕР
Аудандық басылым-«Балқаш өңірі» газеті 1936 жылдың 15-ші маусымынан бері жарық көріп келеді. Биылғы жылы аудан үнпарағының баспа бетінен жарыққа шыққанына 85 жыл!
Осы жылдар бедерінде оқырман қауымға басылымның 7865-ші нөмірі жол тартты.
Әу баста басылым «Мирзояншы», кейіннен «Ленин туы», «Балқаш еңбеккері» атауларымен жарық көрсе, Тәуелсіздік жылдар бедерінде «Балқаш өңірі» деген атаумен ел мен жердің тарихын үздіксіз қалың бұқараға ұсынып келеді.
Халық алдында да, ар алдында да асқан жауапкершілікті мойындарына алған газет редакторлары А. Мұсабеков (1936 ж.), Т. Жанболатов (1937 ж.), Әбдіғапар Оспанов (1938-1942),Шаяхмет Молдабеков (1942,1946-1948), Қабылда Етекбаев ( 1942-1944, 1948-1954) Нұрмұхан Құрманбаев (1944-1946), Әбдіқай Назтаев (1954-1963), Асыл Қосымбаев (1963-1967), Диқанбек Бекетов (1967-1970), Есімқұл Ысқақов (1970-1982), Сайлаубек Байдүйсенов (1982-1986, 1990-1994), Шархан Қазығұлов (1986-1990), Сейілхан Сайлаубаев, Манап Түбекбаев (1995-1996), Жолболды Ысқақов (1997-2008) сияқты өз ісінің нағыз майталмандары еңбек етті. Қазіргі кезде аудан басылымына еңбек жолын тілші болудан бастаған Күмісбек Ербаев басшылық етуде. Мұнымен қоса ұжымда қаламдарын қаруларына балайтын тілшілер-Бақтығали Дәуітбаев, Алтынай Сейткен, Айжан Ахметбай, корректор Жұбаныш Көпбосынова, есепші Айнахан Ашнамова, газет дизайнері болып Жанна Қыдырбаевалар еңбектің көрігін қыздырып, бүгінде оқырман талабының үрдісінен шығуда.
«Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ, керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйлесіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда газеттің қадір-құнын мұнан асырып айту мүмкін емес. Ал, «Балқаш өңірі» газеті 85 жылдан бері аудан халқының көзі, құлағы, һәм тілі ғана емес, тарих шежіресінің жылнамасы болып келеді десек қателесе қоймаймыз.