"Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2020 жылғы 1 қазаны
№ 301 бұйрығына
10-қосымша

"Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы "Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке кабинет – "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті;

      2) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;

      3) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;

      4) жер комиссиясы – өтініштерді (өтінімдерді) қарау және жер учаскелеріне құқық беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы қорытындылар дайындау үшін 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабына сәйкес құрылатын жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган;

      5) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      6) жер учаскесі – Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекара ішінде бөлінген жер бөлігі;

      7) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – МЖК ААЖ) – мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге арналған, жер учаскесінің сандық және сапалық сипаттамаларын, оның ішінде оның шекаралары туралы, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;

      8) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын, мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын негізгі талаптар тізбесі;

      9) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болып табылатын ақпараттық жүйе;

      10) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиыны.

2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
  2. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) портал арқылы көрсетілетін қызметті берушіге мыналарды жолдайды:

      бірінші кезең:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы жер учаскесіне құқық алуға арналған өтініш;

      2) сұралып отырған жер учаскесінің схемасы (жоспар);

      екінші кезең: бекітілген жерге орналастыру жобасы.

      Ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды көрсетілетін қызметті алушылардан талап етуге жол берілмейді

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын қажетті құжаттар мен мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшағасәйкес "Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында баяндалған.

      Жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттар туралы, жер учаскесіне ауыртпалықтың жоқтығы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы талап етеді.

      Көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

  1. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті екі кезеңде көрсетеді.

      Бірінші кезең: сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау, жер учаскесін таңдау актісін дайындау, жер комиссиясының қорытындысын беру – 12 (он екі) жұмыс күні ішінде:

      1) көрсетілетін қызметті беруші кеңсесінің қызметкері 15 (он бес) минут ішінде көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттарды қабылдайды және оларды көрсетілетін қызметті берушінің басшысына не оны алмастыратын адамға береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      2) көрсетілетін қызметті берушінің басшысы немесе оны алмастыратын адам 1 (бір) жұмыс күні ішінде құжаттарды қарайды және құзыреті шегінде жер қатынастары жөніндегі және сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдарға орындауға жолдайды.

      Егер көрсетілетін қызметті алушы жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімінде тұрған немесе көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайларда жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның қызметкері 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан уәжді бас тартуды дайындайды және жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында жеке кабинетке хабарламаны жолдайды;

      3) жер қатынастары жөніндегі және сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдар 7 (жеті) жұмыс күні ішінде өтініш келіп түскен сәттен бастап сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс дайындайды, оған жер учаскесінің схемасын қоса береді және материалдарды жер комиссиясына енгізеді;

      4) жер комиссиясының қорытындысы жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жер комиссиясына сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсынысты берген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында үш данада жасалады;

      5) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның қызметкері жер комиссиясының оң шешімі болған жағдайда, 1 (бір) жұмыс күні ішінде жерге орналастыру жобасын дайындауы үшін жер комиссиясының оң қорытындысының бір данасын көрсетілетін қызметті алушыға жолдайды, жер комиссиясының теріс қорытындысы болған жағдайда – мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті беруші басшысының ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жолдайды.

      Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері шешім (өкім) қабылдаған жағдайда, жер комиссиясының қорытындысы көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне жіберіледі.

      Екінші кезең: жер учаскесіне құқық беру туралы шешім шығару –бекітілген жерге орналастыру жобасы келіп түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      1) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның қызметкері бекітілген жерге орналастыру жобасы келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім жобасын дайындауды және келісуді қамтамасыз етеді;

      2) көрсетілетін қызметті берушінің басшысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесіне құқық беру туралы шешімге қол қояды;

      3) көрсетілетін қызметті беруші кеңсесінің қызметкері 15 (он бес) минут ішінде қол қйылған сәттен бастап жер учаскесіне құқық беру туралы шешімді портал арқылы көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жолдайды.

  1. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректердің енгізілуін қамтамасыз етеді.
  2. Ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты қызметкерін дереу хабардар етеді.

      Бұл жағдайда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты қызметкер техникалық проблема туралы хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.

  1. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректердің және мәліметтердің Кодекстің 24-бабының 1-тармағының екінші бөлігінде және 6-тармағында, 49-2-бабының 6-тармағының екінші бөлігінде, 50-бабының 2, 2-1 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Заңның 4-бабы 1-тармағының6) тармақшасына сәйкес сотқа жүгінеді.

 

"Сауда-саттықты
(конкурстарды, аукциондарды)
өткізуді талап етпейтін мемлекет
меншігіндегі жер учаскелеріне
құқықтар алу" мемлекеттік
қызметін көрсету қағидаларына
1-қосымша

 

Нысан

 

_______________________ әкімі
(облыс, қала, аудан, кент, ауыл,
ауылдық округ)
____________________________
(аты, әкесінің аты (бар болса),
тегі)
____________________________
(жеке тұлғаның аты, әкесінің
аты (бар болса), тегі
____________________________
не заңды тұлғаның толық атауы)
____________________________
(жеке сәйкестендіру нөмірі не
бизнес-сәйкестендіру нөмірі)
____________________________
(жеке тұлғаның немесе заңды
тұлға өкілінің жеке
____________________________
басын куәландыратын құжаттың
деректемелері,
____________________________
байланыс телефоны (бар болса),
орналасқан жерінің
____________________________
мекенжайы (заңды тұлғалар
үшін) не тұрғылықты
____________________________
мекенжайы (жеке
тұлғалар үшін))

Жер учаскесіне құқық алуға арналған өтініш

      ________________________________________ мекенжайында орналасқан,

      (жер учаскесінің (орналасқан жері) мекенжайы)

      ____________________________________________________________ құқығына,

                  (сұралып отырған құқық түрі)

      алаңы ______ гектар, __________________________________________ арналған

                              (жер учаскесінің нысаналы мақсаты)

      жер учаскесін беруді сұраймын.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын

      мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      Күні ______________

      Көрсетілетін қызметті алушы ______________________________________________

      (жеке тұлғаның не заңды тұлға өкілінің аты, әкесінің аты (бар болса),

      тегі, көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы)

 

"Сауда-саттықты
(конкурстарды, аукциондарды)
өткізуді талап етпейтін мемлекет
меншігіндегі жер учаскелеріне
құқықтар алу" мемлекеттік
қызметін көрсету қағидаларына
2-қосымша

"Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші).

2

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері (қолжетімділік арналары)

www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал).

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Бірінші кезең: сұратылып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін анықтау, жер учаскесін таңдау актісін дайындау (жер учаскесін объектілер салу үшін сұратылған кезде), жер комиссиясының қорытындысын беру – 12 (он екі) жұмыс күні ішінде.
Екінші кезең: сатып алу-сату не уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын қоса бере отырып, жер учаскесіне құқық беру туралы шешім шығару – бекітілген жерге орналастыру жобасы келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық.

5

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Жер учаскесіне құқық беру туралы көрсетілетін қызметті берушінің шешімі не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін.

7

Жұмыс кестесі

Порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, өтініш қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің www.moa.gov.kz интернет-ресурсында;
2) Мемлекеттік корпорацияның www.gov4c.kz интернет-ресурсында;
3) порталда орналасқан.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі

Бірінші кезең:
1) көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы жер учаскесіне құқық алуға арналған өтініш;
2) сұралып отырған жер учаскесінің схемасы (жоспар).
Екінші кезең: бекітілген жерге орналастыру жобасы.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға арналған негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректердің және мәліметтердің Кодекстің 24-бабының 1-тармағының екінші бөлігінде және 6-тармағында, 49-2-бабының 6-тармағының екінші бөлігінде, 50-бабының 2, 2-1 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызметтің, оның ішінде электронды нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қойылатын өзге де талаптар.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті", сондай-ақ бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары порталда көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бірыңғай байланыс телефондары: 1414, 8 800 080 7777.

 

Дата публикации
17 ноября 2020