Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау процесі мен методологиясы

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау процесі мен методологиясы

Бағалау жүйесі – мемлекеттік органның тиімділігі және оған әсер ететін факторлар туралы ақпарат жинауға бағытталған іс-шаралар кешені.

Бағалау жүйесінің міндеті мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін бірқатар нақты көрсеткіштерге бөлуден және оның жұмысын жыл өткен сайын осы көрсеткіштер бойынша қадағалаудан тұрады. Бұл ретте, жұмыс тиімділігі көрсеткіштері әртүрлі мемлекеттік органдар үшін – салалық министрліктер, агенттіктер, облыс әкімдіктері үшін біріздендірілген болуы тиіс. Мысалы, құзырет салаларындағы айырмашылыққа және басқару деңгейіне қарамастан, кез келген тиімді мемлекеттік орган алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды толық көлемде орындауы, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуі, өз персоналын дамытуы және реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жыл сайынғы бағалау мемлекеттік органдардың тиімділігін анықтау және нәтижелерін салыстырумен қатар, олардың жұмысын жүйелі түрде жақсартудың пәрменді құралына айналғанын атап өткен маңызды. Мысалы, бағалау жылдарында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзушылықтар айтарлықтай азайды, автоматтандырылған қызметтердің үлесі едәуір өсті, қаржылық тәртіп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және заң жобаларын талқылауға тұрғындардың қатысуы артты, мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуі төмендеді.

Операциялық бағалау үш блок бойынша жүргізіледі:

  • Мақсаттарға қол жеткізу
  • Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл
  • Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы

«Мақсаттарға қол жеткізу» блогы шеңберінде стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі, сондай-ақ орталық деңгейде бюджет пен мақсаттар арасындағы өзара байланыс және жергілікті деңгейде қаржылық тәртіп бағаланады. Сонымен қатар стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың сапасына да назар аударылады: мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізуден басқа, индикаторлардың жоспарлы мәндерін асыра орындау мен түзету және олардың нақты орындалу серпіні ескеріледі. Бұдан басқа, 2019 жылдан бастап Азаматтық бюджетті орналастыру және «халық қатысатын бюджет» көмегімен оны қалыптастыруға жұртшылықты тарту арқылы бюджеттік ақпараттың қолжетімділігі бағаланады.

Дата публикации
24 июля 2025