Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығымен бекітілген Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезіндегі тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына сәйкес, 2025 жылғы тамыз айының 18-і күні сағат 15-00-де Балқаш ауданы, Ақкөл ауылы, ауылдық мәдениет үйінде Ақкөл ауылының шығысында орналасқан атауы жоқ көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Тайланбаев Ізбасар көшесі деп атау беру туралы мәселе қаралатындығын хабарлаймыз.
Байланыс телефондары: 93-2-95.
Ақкөл ауылдық округі әкімі аппараты.
Тайланбаев Ізбасар 1914 жылы Балқаш ауданы, Ақкөл ауылының маңындағы «Бозінген» деген жерде, кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. 1928 жылы Балқаш ауданындағы Бақанас балалар үйі құрылғанда, сол балалар үйінде тәрбиеленіп, кейіннен Қарағанды қаласына ауыстырылды.
1934-1942 жылдары «Еңбек», «Елтай» колхоздарында есепші болып қызмет атқарды. 1942 жылдың 8-ші мамырында майданға аттанды.
Төрт жыл сұрапыл қиян-кесті шайқастарды басынан кешірді. Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін «Данқ ордені», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» медалыдарымен марапатталған. Елге оралғаннан кейін, 1946 жылы мемлекеттік ондатр қабылдау шаруашылығы мекемесіне жұмысқа қабылданады. 1947 жылы Балқаш аудандық мемлекеттік ондатр шаруашылығының «Қоржынкөл» учаскесінің меңгеруші қызметіне тағайындалады. Өз қызметіне адал әрі шаруашылықты шебер ұйымдастырудың нәтижесінде шаруашылық қызметін жоғары деңгейге көтерді. Осы үлгілі жұмыстары назарға ілініп, 1955-1956 жылдары қатарынан екі рет «Бүкілодақтық» ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, көрменің қос алтын медалін тағып қайтады.
Еңбек жолында «Көкөзек», «Арқар», «Қоржынкөл» учаскелерінде дайындаушы болып, өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек еткен.
Тайланбаев Ізбасар 1968 жылы 54 жасында қайтыс болды.