«Тіл – тірегім»: тіл мәртебесі мен ұлттық құндылықтар ұлықталды

«Тіл – тірегім»: тіл мәртебесі мен ұлттық құндылықтар ұлықталды

Алатау қаласында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік концерт өтті

Алатау қаласының мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен  Қазақстан халқының тілдері күніне орай мазмұнды мәдени-рухани кеш ұйымдастырылды.

Мерекелік шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ана тілін ардақтау және тіл арқылы ел бірлігін нығайту.

Кеш барысында тілдің қадірі мен ұлттық құндылықтардың маңызын арқау еткен сахналық қойылым ұсынылып, Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев және Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасы бүгінгі ұрпақтың ой-толғауымен сабақтастырылды.

  Шарада Алатау қаласы әкімінің орынбасары Несіпбаева Гүлбану Сейткенқызы сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени бастамалардың маңыздылығына тоқталып, тілдің мәртебесін көтеруге, мемлекеттік тілдің дамуына және оны насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашырларын Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Мазмұнды шараға Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, мәслихат депутаттары, мәдениет саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көрмелерде ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, олардың мол мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы айқындалды.

Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі акт залында жалғасты. Көрермендерге Алатау қаласы Мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында тіл тақырыбына арналған театрландырылған қойылым ұсынылды. Сахналық көріністе ана тілінің қадір-қасиеті, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны және тілге деген құрмет мәселелері әсерлі жеткізілді.

Сонымен қатар концерттік бағдарлама аясында әндер шырқалып, өлеңдер оқылып, ұлттық өнердің озық үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Шара соңында «Анамның тілі» әні хормен орындалып, мерекелік кеш әсерлі қорытындыланды.