Жер учаскесінің бір бөлігін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84, 85, 87, 88 және 89-баптарына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауына, Алатау қаласының бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негізінде, Алатау қаласы әкімінің хаттамалық тапсырмасына, «Алатау қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің 2026 жылғы 16 ақпандағы № 41 ілеспе хаты мен жер учаскесінің жоспарына, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы облысы бойынша Алатау бөлімшесі дайындаған жер учаскесінің экспликациясына сәйкес Алатау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Алматы облысы Алатау қаласы, Алматы-Өскемен тас жолының шығыс жағында орналасқан, кадастрлық нөмірі 03-046-220-727, жалпы алаңы 11,9509 га жер учаскесінің 0,5000 га алаңы бар бөлігін және ондағы жылжымайтын мүлікті (олар болған жағдайда) экспликацияға сәйкес сауда орнын орналастыру үшін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын.
  2. Мәжбүрлеп иеліктен шығарудың аяқталу мерзімі - 2027 жылғы
    17 ақпанға дейін, бірақ осы қаулы ресми жарияланған күннен бастап үш айдан ерте емес деп белгіленсін.
  3. «Алатау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі осы қаулы қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ Алатау қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
  4. «Алатау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі:
  • ​осы қаулы жарияланғаннан кейін үш күнтізбелік күн ішінде меншік иесіне (иелеріне) және жер пайдаланушыға (пайдаланушыларға) жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті алдағы уақытта мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны табыс етілгені туралы хабарламасы бар пошта жөнелтілімімен жіберсін;
  • ​заңнамада белгіленген тәртіппен иеліктен шығарылатын мүліктің нарықтық құнына бағалау жүргізуді қамтамасыз етсін;
  • ​бағалау нәтижелері бойынша меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен өтемақы мөлшерін және иеліктен шығарудың өзге де шарттарын келісу бойынша келіссөздер жүргізуді ұйымдастырсын;
  • ​келісімге қол жеткізілген жағдайда мүлікті сатып алу (беру) туралы шарттардың дайындалуын және қол қойылуын қамтамасыз етсін, ал келіспеген жағдайда - заңда белгіленген мерзімде сот органдарына талап арыздар берсін;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қажетті шараларды қабылдасын.
  1. Меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жүгіну орны «Алатау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ мына мекенжай бойынша белгіленсін: Алатау қаласы, «Қоянқұс» шағын ауданы, Б. Момышұлы көшесі, 157/1-үй, 1-қабат, №101, №104 кабинеттер.
  2. ​Осы қаулының орындалуын бақылау Алатау қаласы әкімінің орынбасары С.К. Шәуменге жүктелсін.
  3. ​Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ресми жариялануға тиіс.

 

Дата публикации
12 марта 2026