Алматыдағы балалар колониясында әртүрлі ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан жасөспірімдердің арасында есірткіге қатысты қылмыстармен сотталғандар да бар. Жазалы балаларға мекеме қабырғасында жүргізілетін тәрбие жұмыстарының бастысы – болашақта оларды теріс әдеттерден сақтандыру.
Жуырда осы мақсатта Алматы қаласының «Психикалық денсаулық орталығының» нарколог дәрігер маманы Айтолқын Жүзбаева сотталған балалар арасында есірткінің зияны мен зардабы туралы дәріс оқыды.
Аталған іс-шараны ұйымдастырған ҚАЖД –ның эпидемиолог дәрігері С. Таласбаев та жасөспірімдерге зиянды әрекеттердің зардабы туралы кеңінен әңгімелеп, осы жылдың наурыз айында күшіне енетін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының талаптарын да жан-жақты түсіндірді. Дәріс соңында балаларға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында буклеттер таратылды.