
Қылмыстық-атқару саласында сотталғандармен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы мен ерекшелігі көп. Қылмыскерлермен бетпе-бет жұмыс істеу үшін біліктілікпен бірге ұстамдылық, төзімділік сияқты қасиеттер басым болу керек. Өйткені сотталғандар тарапынан мекеме қызметкерлерін арандатуға талпыну жиі орын алады. Мұндай жағдайлардан әрбір қызметкер тек өзінің жоғарыда айтқан қасиеттерімен ғана арандамай шыға алады.
Осы орайда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-да жас қызметкерлердің қызметке бейімделулеріне баса көңіл бөлінеді. Жуырда департаментке қарасты мекемерлерге жас мамандардың жаңа легі қабылданды. Екі айлық бастапқы дайындық курсын бітіріп келген 38 жас маманның біразы департаментке қарасты Күзет бөліміне бөлінді. Олардың тағылымдамадан өту кезеңінде Күзет бөлімі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары әділет майоры Р.Шаяхметов аталған бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жас мамандарға қызметтік қару ұстау кезінде ұқыпты болуды, қару қолданудың ережесін пысықтауда өз тәжірибесін де үйретуде. Сондай-ақ ол әрбір жас маманға тәжірибелі тәлімгер бекітіп, қызметтің қыр-сырын үйренулеріне мүмкіндік тудыруда. Сотталғандармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол тәлімгерлерден тәлім алған жас мамандардың жұмысты табысты жалғастыруларына деген сенім мол.