
Біздің елімізде шахмат ойынына ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде шахмат ойынынан халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген қазақстандықтар ортақ мақтанышымызға айналуда.
Шахмат ойынының адамды жылдам ойлануға, жылдам шешім қабылдауға тәрбиелеп қана қоймайды, адамның бойындағы ерік-жігер мен моральдық қасиеттерді арттыруға ықпал етеді. Ал мұндай қасиеттер тағдыр жолында аяғын шалыс басып, темір торда жүргендер үшін де аса пайдалы қасиеттер. Олардың қателіктерінен сабақ алып, қоғамға пайдалы адам болып оралулары үшін бүгінде мекемелерде атқарылатын тәрбиелік жұмыстардың бір саласы – шахмат ойынына баулу.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД №72 мекемесінде де сотталғандарға шахмат ойынын үйрету жүйелі түрде қолға алынуда. Осы орайда жуырда аталған мекеме басшылығы Алматы қаласы спорт басқармасының қолдауымен Тергеу изоляторына Асылхан Караев және Саумин Суханов сияқты шахмат жаттықтырушыларын арнайы шақырып, жазаларын шаруашылық қызметіндегі жасақта өтеп жүрген сотталғандар арасында шеберлік сабағын өткізді.
Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сотталғандар арасында шахмат ойынын дамытуға ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысы да оң ықпал етуде.