Маслихат депутаты сотталғандармен кездесті

Маслихат депутаты сотталғандармен кездесті

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД №11 мекемесіне адам құқықтары жөніндегі уәкілдер келіп, сотталған балаларды ұстау жағдайымен және оларды оқыту процесімен танысты. 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл К. М. Малдыбаев, Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Д.Ерлан, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы  Үйлестіру кеңесінің мүшесі, Алматы қаласының Қоғамдық кеңес жанындағы Құқықтық тәртіп жөніндегі комитеттің басшысы А.Шөпшекбаева балалар колониясында ұсталатын жасөспірімдер білім алатын орта мектепте болып, ұстаздармен және балалармен әңгімелесті.

Адам құқығын қорғаушылар мектептің жалпы жағдайымен танысып,  білім бөлімдері арқылы көмек көрсетуге уәде берді және жаңадан үйірмелер ашуға ықпал етпекші болды.

Сонымен қатар олар мекемеде жазасын өтеп жатқан балаларымен кездесуге келген ата-аналармен де бала тәрбиесі жайлы әңгімелесті. Сотталған баласына келген ананың «жалғыз балам еді, тағдырдың жазуы осылай болды, осы баламды ойлағанда жан-дүнием астаң-кестең болады» деп қамыққан анаға демеу болған ювеналды саясат саласының білгір маманы А.Шөпшекбаева жазалы жасөспірімге де «сен анаңның жалғыз тірегісің. Сондықтан бостандыққа шыққан соң өмірден өз орныңды тауып, анаңның үмітін ақтайтын азамат болуың керек» деген жан тебірентер сөздерімен ақыл айтты.

Балалар колониясында жасы 20-ға жеткен алты сотталған жазасын өтеуде. Кездесуге келген заңгерлер олармен де әңгімелесіп, ақыл тоқтатқан ересек адамдар ретінде жаңадан келген жазалы жасөспірімдерге қамқор болуды, олардың тағдырдың сынағына сынбай, керісінше жарқын болашаққа ұмтылуларына көмектесуді тапсырды.