
Бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандар білікті заң көмегін алуға құқылы. Мекеме қызметкерлері жүргізетін әлеуметтік-құқықтық көмек беру жұмысымен қатар бұл жұмысқа білікті заңгерлер де тартылады.
Жуырда департаментке қарасты мекемелерде Алматы қаласы адвокаттар алқасының адвокаттары сотталған азаматтармен кездесіп, заңгерлік көмек көрсетті. Сотталғандар тарапынан қойылған сұрақтарға білікті жауап берді.
№72 қауіпсіздігі аралас мекемесінде адвокаттар Арман Оразбаков, Мураткожа Амитов, Михаил Лырчиков, Асқар Төлегенов шаруашылық қызмет көрсету жасағының сотталғандарына заңгерлік кеңес берді. Сотталғандар Алматы қаласы Түрксіб ауданы сотының қаулысына да қатысты сұрақтар қойып, адвокаттар сот қаулыларын зерделеді.
Ал, кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз № 11 мекемесіне Мамандандырылған ювеналды заң консультациясының адвокаттары Светлана Витковская, Марина Сергеева, Динара Калыкова, Арлан Амиржанов, Ерасыл Қинаят келіп, жазалы жасөпірімдерге тегін кеңес берді.
№13 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіне Алматы қалалық адвокаттар алқасының №4 заңды кеңес адвокаттары келіп, сотталғандарды алаңдататын жеке азаматтық істері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Адвокаттар Батаева К.И., Кулбаева Г.Н., Мамедова О.Н., Дьяконов С.А., Досхоева З.Р., Қарабайқызы А. сотталғандарға кеңестерін берді.
Білікті заңды кеңес берген Алматы қаласы адвокаттар алқасының адвокаттарына алғыс білдіреміз.