
Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі. Бұл орайда ҚАЖ мекемелерінің аумағында шағын өндіріс орындарын ашуға отандық өндіріс иелерінің атсалысуы аталған мәселенің түйінін тарқатуға ықпал етуде. Сондай ықпалмен ашылған кәсіпорынның бірі –Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің кәмелетке толмаған балалар жазасын өтейтін №11 мекемесіндегі жиһаз жасау цехы. Жуырда ашылған жиһаз жасау цехы мекемеде жазасын өтеп жатқан 8 жасөспірімді ақылы жұмыспен қамтамасыз етті. Цехта жұмыс істейтін балалар Кәмелетке толмаған балаларға заңмен рұқсат етілген 4 сағат қана жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде олар қазір сұранысқа ие жиһаз жасау мамандығын игереді әрі табыс тауып, сотпен белгіленген шығындарын өтеуге және аз да болса ата-аналары мен бауырларына қаржылай көмек беруге мүмкіндік тудырады. Аталған цехта жұмыс істеудің тағы бір тиімді жағы – еңбек ете жүріп шеберліктерін шыңдайтын жасөспірімдер еркіндікке шыққан соң кәсібі бойынша жұмысқа орналаса алады.