
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД №11 мекемесінде тәрбиеленуші жасөспірімдер үшін ерекше мәдени шара ұйымдастырылып, олар Қазақ мемлекеттік циркінің өнерпаздары ұсынған әсерлі концерттік бағдарламаны тамашалады.
Кеш барысында цирк әртістерінің жарқын өнері балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Әсіресе Влад Степанюганың роликпен орындаған биі, Ольга мен Наталья Дорониндердің хула-хуп жанрындағы шебер қойылымдары, сондай-ақ Ирина Щадконың сиқырлы фокустары көрермендерді тәнті етті.
Сонымен қатар, Ж. Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжінің студенттері – акробаттар Валерия Проссова-Арестова мен Артур Тратниковтің өнерлері де көпшіліктің ықыласына бөленді. Аман Дюсебеков, Ляззат Байтоканова, Али Саловатов және Елена Разухеджаева сынды талантты өнерпаздардың өнеріне балалармен бірге барлық көрермендер зор ризашылықтарын білдірді.
Жасөспірімдерге қуаныш сыйлап, әсерлі кеш ұйымдастырған цирк ұжымына Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы Ерлан Ұзақов Алғыс хат табыстап, шынайы ризашылығын жеткізді.
Аталған шара Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өткізілді.