Сот үкімі бойынша қылмыстық жаза мерзімін қысқарту – жазаны жеңілдетудің бір түрі, егер ол үшін заңда көзделген негіздер болса, соттың тағайындалған жазаның бір бөлігін азайтуын білдіреді. Мемлекет қылмыстық жазаның мерзімін қысқарта отырып, тура жолдан тайған азаматтарға босап шығып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді және оларға адамгершілік пен ізгі ниет танытып, сенім артады.
Жазаны өтеу кезеңінде мерзімді қысқартудың бірнеше түрі бар:
* жазаны жеңілдететін жаңа қылмыстық заңның қабылдануы;
* рақымшылық;
* апелляцияда, кассацияда немесе қадағалауда үкімді қайта қарау;
* кешірім актілері.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату (УДО) және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру – бұл жазаны өтеудің нақты мерзімін қысқартудың өзге де нысандары, бірақ олар үкімнің тікелей "мерзімін қысқартуға" тең емес, ол ҚР ҚК және ҚАК-ның жекелеген нормаларымен реттеледі.
Кез келген қысқартуды үкім шығарған сот немесе жазаны өтеу орнындағы сот жүзеге асырады және сот қаулысымен ресімделеді.
Бүгінгі таңда мекемелерде рақымшылық жасау арқылы жазаны қысқарту тақырыбы өте өзекті болуда. Рақымшылықты қолдану тәртібі арнайы заңмен нақты реттеледі, ол адамдардың санаттары мен шарттары көрсетіліп, жеке-жеке қабылданады.
Рақымшылық жасау үкімнің күшін жоймайды, бірақ жазаны жеңілдетеді немесе қысқартады. Сот немесе жазаны орындайтын орган рақымшылық жасау туралы заңды тек заңда тікелей көрсетілген шектерде қолданады, онда сотталғандардың қай санаттары толығымен босатылатыны; жаза өтеу мерзімі қысқартылатыны, рақымшылыққа жатпайтындары (мысалы, аса ауыр қылмыстар, рецидивистер және т.б. санаттар) көрсетіледі.
Арнайы есепке алу қызметінің қызметкерлері рақымшылық жасауға жататын адамдардың санаттарын іріктейді, материалдарды дайындайды және қарау үшін соттарға жібереді, әрбір адамға барлық қажетті есептерді жеке жүргізеді. Рақымшылықты дайындау және қолдану процесі өте көп уақытты және арнайы білім мен дағдыларды қажет етеді.