
Қала басшысы ауданды аралған кезде көлік және инфрақұрылым жағдайымен танысты, әлеуметтік маңызы бар объектілерді көрді. Мегаполис әкіміне «Алматы қаласының көлік холдингі» жүзеге асырған электронды билеттендірудің инновациялық жүйесінің жұмысы туралы баяндалды. Кәсіпорын басшылығына аталған механизмді жетілдіру тапсырылды.
Б.Сағынтаев «Мамыр-4» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесіп, жөнделген аулаларды көрді. Тұрғындар абаттандыруға қатысты өз ойларымен бөлісті. Аудан әкіміне жарықтандыру мен жасылдандыру жұмыстарын жүргізгенде қалалықтардың талабы ескерілуі тиіс екені тапсырылды.
Аудандағы Достық ықшам елді мекенінің 18 көшесіне сыртқы жарық желілерін, 12 көшеге кәріз құбырларын тарту қажет, 79 үйдің жылу пункттерін, су желілері мен жолдарды жөндеу керек.
Алматы әкімі метроның Абай даңғылы мен Б.Момышұлы көшесі бойындағы «Достық» бекетінің құрылыс барысын тексерді. Метроның ұзындығы 3 км болатын «Достық» және «Сарыарқа» жаңа бекеттері жолаушы ағынын 56% дейін арттыратын болады.
Б.Сағынтаев Алматыда ЖРК құрылысының жобасын дамыту туралы баяндамаларды тыңдады. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру жолаушы тасымалының көлемін арттырады және қала экологиясын жақсартады.










