Ең ауқымды хор, концерттер мен спектакльдер: 22 наурызда Абай алаңында алматылықтарды не күтіп тұр

Ең ауқымды хор, концерттер мен спектакльдер: 22 наурызда Абай алаңында алматылықтарды не күтіп тұр

Наурыз мейрамы және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Алматыда ұлы ойшыл және ақынның шығармалары ең ауқыиды хормен орындалады. 22 наурыз күні сағат 9:00-де Абай даңғылы бойында, Абай атындағы алаңнан бастап Назарбаев даңғылына дейін 5000-нан астам адам жиналады. Олардың қатарында танымал солистер, Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының артистері, П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары болады.

Сағат 9:30-да хор ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» шығармаларын қосылып шырқайды.

Бұл символикалық перформанс Наурыз мерекесінің – жаңару, үйлесім және рухани бірліктің белгісі болмақ. Мыңдаған адамның даусы бір толқында үндесіп, қаланы ұлттық мұра мен мәдени ұлылықтың рухымен толтырады.

Сондай-ақ, 22 наурыз күні сағат 10:30-дан 21:00-ге дейін Абай алаңында «Жаңа ғасыр» театры артистерінің қойылымдары, танымал әншілердің ән шашуы және түрлі іс-шаралар өтеді. Республика сарайының алдындағы сахнада «Steppe sons» тобы, Жәмиля Серкебаева, «Tumar» тобы, «Ұлы дала қыздары» тобы, Нұржан Тәжікенов, «Жұмыр қылыш» тобы, «ILIGAI» тобы, «МузАрт Life» дуэті, «Aldaspan» тобы, сондай-ақ Бибігүл Қилымхан, Диас Мұратхан, Сандуғаш Стамғазиева, Тілек Базаров, Марал Анарбек, Қайратбек Бектұрсын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді.