
Алматыда COVID-19 науқастарын медициналық мекемелерге ауру деңгейіне қарай бөледі
Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров хабарлады.
Бүгінде Алматы қаласында COVID-19 жұқтырудың 8 259 жағдайы тіркелген.
«Бір тәулікте жаңа 219 оқиға тіркелді. 4 945 немесе 60 пайызы жазылды, бір тәулікте 124 адам үйлеріне шығарылды. Коронавирустан 54 адам қайтыс болған», - деп хабарлады Камалжан Надыров.
Бүгінде жататын орындардың жалпы қуаттылығы 5092-ні құрайды.
Басқарма басшысының сөзінше, коронавирустың таралуымен эпидемиологиялық жағдайға байланысты науқастар ағынын басқаруда жаңа әдістер жасалды.
«Біз клиникаларды провизорлық және инфекциялық бағыттарға бөлуді тоқтатамыз. Провизорлық стационарларға түсетін науқастардан COVID-19 расталып жатқанын ескерсек және сәйкесінше, провизорлық және инфекциялық стационарлар арасында науқастарды бөлудің ешқандай маңызы жоқ», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жаңа стратегияға сәйкес, науқастың қандай медициналық мекемеге жатқызылатыны аурудың деңгейіне (ауырлығы немесе жеңілдігі) байланысты.
«Біз стационарларымызды үш эшелонға бөлдік. Бірінші эшелонға материалдық техникалық база тұрғысынан әлдеқайда дайын, жан сақтау бөлімдері және қарқынды терапия палаталары бар клиникалар енді», - деген Надыров жағдайлары ауыр науқастарға арналған стационарларға 5 клиника енгенін қоса атап өтті. Бұл Орталық қалалық клиникалық аурухана, Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы, ересектерге және балаларға арналған қалалық клиникалық инфекциялық ауруханалар, сонымен бірге, Модульді инфекциялық клиника және №1 ҚА. Осылайша, жағдайлары ең ауыр науқастарды қабылдауға дайын орындар саны 1850-ді құрайды.
Екінші эшелонға қайта профилденген 16 клиника енді, жататын орындар қуаттылығы 1875 орынға есептелген.
Үшінші эшелон нысандарына біз бүгінде қуаттылығы 1350 жататын орынға арналған 2 ұйымды кіргіздік, оның ішінде 1000 орын Халық Арена базасының негізінде ұйымдастырылған кешенге тиесілі. Аталған нысанның базасында жақын арада ауру барысы қиын өтіп жатқан науқастар үшін қажетті барлық медициналық құралдармен жабдықталған 60 жататын орынға шақталған толыққанды жан сақтау орны ашылады.
Жататын орындар санын одан ары көбейту мақсатында Қазақстан және Көктем санаторийлері қайта профилдеуден өтті. Қазіргі уақытта барлық дайындық мәселелері аяқталуда және келесі аптада олар науқастарды қабылдауға дайын болады.
Сонымен қатар, психоневрологиялық орталықты дайындау және жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде, оның базасында инфекциялық профилді 450 жатын орын ашылады.
Ауруханаға жатқызу тәртібі бар екенін атап өткен жөн. Клиникалар арасында науқастар ағынын реттеу үшін клиникаларға науқастарды жатқызу жедел медициналық көмек көрсету қызметі арқылы жүзеге асырылады. Аталған шаралар науқастардың қалада жүруін азайтуға және қоғам арасында инфекцияның таралуын төмендетуге мүмкіндік береді.
«Жедел көмек көрсету үшін қажетті көліктер саны жеткілікті. Сонымен бірге, біз жедел медициналық көмекті жеткізуші жекеменшік жеткізушілермен жұмыс істейміз, сондай-ақ, олардың ресурстарын да жұмылдырамыз», - деді К.Надыров.
Науқастардың жағдайының ауырлығын бағалау үшін жедел жәрдем қызметкерлері шақырылған орынға келгенде арнайы чек-парақшасын пайдаланады. Жағдайдың ауырлығына қарай ауруханаға жатқызу мәселесі шешіледі.
Ауру деңгейі жеңіл формадағы науқастар амбулаториялық жағдайда ем алады. Бірінші және екінші эшелон стационарларына орташа және ауыр жағдайдағы науқастар жолданады. Бұл асқынулар мен өлім санын азайтуға мүмкіндік береді.