Алматы жастарын маска режимін сақтауға шақыруда

Алматы жастарын маска режимін сақтауға шақыруда

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жастарды барлық карантин шараларын сақтауға шақырды.

 

               Бүгінгі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 8 259 жағдайы тіркелген, оның ішінде 5 480-і симптомды болса, 2 779-ында ауру белгілері байқалмайды.

               Ауырғандардың негізгі үлесі 30-39 жас аралығындағы адамдардан байқалған – 13,1 пайыз. 20-29 жас аралығындағы азаматтар арасындағы жұқтыру үлесі 19,3 пайызды құрайды. 65 жастан асқан науқастан 7,7 пайызды құрайды. Сонымен бірге, Ж.Бекшиннің хабарлауынша, санитарлық нормалардың орындалмауына көбіне жастар жол береді екен.

               «Мен бірінші кезекте, жастарға қарата айтқым келеді. Абай болыңыздар, сақ болыңыздар. Маска режимін бұзбай өздеріңіздің денсаулықтарыңызды күту арқылы сіздер алдымен өздеріңіздің айналаңыздағыларды қорғайсыздар», - деген үндеу жасаған Жандарбек Бекшин коронавирус пандемиясы кезінде өзіндік тәртіп сақтаудың маңызды екенін атап өтті.

               Жекелей алғанда, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері жастарды маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды. Қоғамдық тамақтану орындарында, жаппай шаралар ұйымдарында, сонымен бірге пикниктерде ұзақ уақыт болмауға шақырды.

               Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейілген. Халықтың арасында жұқтыру қаупін азайту үшін қызметтеріне рұқсат етілген кәсіпорындар аумағында құрамына СЭС, полиция және аудандық әкімдіктердің қызметкерлері енген мониторингтік топтар күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге, ТЖД күшімен күніне бес рет теле және радиоарналарда эфирді үзу арқылы хабарландыру жасалады. Адамдар көп жиналатын орындарға аудандық әкімдіктер тарапынан эпидемиологиялық нормаларды сақтау өтініші жасалған плакаттар ілінген.

               Карантин режимін бұзғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қарастырылған.