
«Бұрындары біз 20 жыл бұрын алынған ескі автобустармен жұмыс істедік, соның салдарынан қозғалыс кестесі сақталмайтын, жолаушылар реніш білдіретін. Қазіргі кезде жеке қаржымызға жалпы сыйымдылығы 70 адамға дейін жететін Yutong маркалы Евро-5 экологиялық сыныптағы 30 автобус сатып алдық», - деп хабарлады «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Юсупов.
Бұл автобустар №23 (Қырғауылды – Бесағаш поселкелері) және №78 (Саяхат автобекеті – Жалпақсай поселкесі) бағыттары бойынша жүреді, күніне орташа есеппен 15 мыңға дейін жолаушы тасымалдайды.

Бұлардан өзге, «Олжас LTD» автопаркі жылжымалы составтың тағы төрт бірлігін сатып алды. Сыйымдылығы орташа автобустар №62 бағыт бойынша жүреді, жолаушы ағыны артқандықтан бұрынғы жаңарған автобустардың қатарын толықтырады.
Мегаполис басшысы субсидия бөлу арқылы жылжымалы составты жаңартқан автопарктерге қолдау көрсетілетінін айтты. Дегенмен, тасымалдаушылар жүргізушілердің мәдениетін және қызмет көрсету сапасын арттырулары тиіс.
Жалпы, жыл аяғына дейін жаңарған қоғамдық көліктің үлесін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланған.