
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай медициналық қызметтің қолжетімділігі, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, дәрігерлердің мәртебесін арттыру сынды мәселелерді шешу қажет.
«Медициналық қызметтің сапасы - біздің мегаполисті дамытудың басты көрсеткіші. Сондықтан бірге жұмыс істеп, орын алған кемшіліктерді тікелей айтып, оларды шешу мен саланы дамыту жолдарын табу қажет», - деп атап өтті Алматы әкімі.
Қалалықтардан алғашқы медициналық-санитарлық және «жедел» жәрдем қызметтерінің, стационарлардың жұмысы, медперсоналдың дөрекілігі, дәрілердің жетімділігі бойынша арыздар мен шағымдар жиі түседі.
Бұған қоса, Алматы әкімі қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына жұмысты жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы екі апта ішінде проблемалық мәселелерді шешудің кешенді жоспарын әзірлеуі қажет. Мұнда барлық аспектілер ескерілуі тиіс», - деп қорытындылады сөзін Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, қала әкімі айдың соңына дейін қаланың барлық медмекемелерінде медициналық жабдықтарды тиімді пайдалану және тұтыну бағасы бойынша аудит өткізуді тапсырды.
Кездесу барысында оған қатысушылар денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы өз пікірлерін білдірді және проблемалы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты.





