Алматының Медеу ауданында 7 әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде: қосымша құрылыстар салуға 4 ЖСҚ және сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеуге 3 ЖСҚ, деді әкім Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде.
"Тамыз айында №35 және №99 мектептердің жанынан қосалқы нысандар салу үшін екі жобалау-сметалық құжаттама бойынша сараптама қорытындылары алынды. ҚМЖ басталуы-2024 жылдың екінші тоқсаны. Желтоқсан айында №131 және №168 мектептерге бастауыш сыныптар үшін қосымша құрылыстар салуға екі ЖСҚ бойынша сараптама қорытындысын алатын боламыз", - деді ол.
Сондай-ақ №33, 161 және 17 мектептерді сейсмикалық күшейте отырып, реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. №33 мектеп бойынша сараптама алынды, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау 2024 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған. №161 және №17 мектептер бойынша мемлекеттік сараптама нәтижелері қаңтар айында алынады деп күтілуде. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың 2 тоқсанында басталады. Сондай-ақ, оның айтуынша, Бөгенбай батыр көшесі, 42 мекенжайдағы №29 мектеп жанынан 300 орындық қосымша құрылыс салу үшін жер учаскесін сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Еске салсақ, тамыз айында ауданда №48 мектеп жанындағы 250 орындық қосалқы нысан реконструкцияланды және №131 мектепті сейсмикалық күшейту, күрделі жөндеу аяқталды.
Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Құлжа трактінің оңтүстігінде 2 мың орындық жаңа мектеп салынады.