Бостандық ауданында екі жаңа емхана салынады

Бостандық ауданында екі жаңа емхана салынады

Қазан айында 300 орындық «Балалар жедел жәрдем орталығының» операциялық блогымен бірге қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын ашу жоспарланған.

Бұл туралы қала тұрғындарымен кездесуде әкім Ерболат Досаев мәлімдеді. Айтуынша, медициналық мекемелерге жүктемені азайту мақсатында әкімдікпен 6 денсаулық сақтау нысанын салу және қайта жаңарту жоспарлануда.

«Әл-Фараби даңғылы мен Сырғабеков көшесі, Ю. Гагарин даңғылы мен Левитан көшесінің қиылысында әрқайсысы 500 орындық 2 жаңа емхананың және Жандосов көшесі, 6 мекенжайында Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 500 орындық жаңа корпусы жобалануда. Бұл нысандардың құрылысы 2024 жылы басталады», - деді әкім.

Әрі перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының ғимаратын, №4 және №12 емханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жобалануда. Жөндеу қараша айында, ал Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы келесі жылдың наурыз айында басталады. Айта кетейік, маусым айында «Керуен Medicus» медициналық орталығында 40 орындық жаңа перзентхана корпусы және ауысымына 300 келушіге арналған емхана ашылды.