2022 жылы Алматының экономикалық өсуі 5,1% деңгейінде болды. Бұл деректермен қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәслихаттың VI сессиясында бөлісті.
Ол экономиканың өсуінің драйвері 13%-ға артқан өңдеу өнеркәсібі болғанын атап өтті. Қабылданып жатқан қолдау шаралары мегаполис экономикасындағы ШОБ үлесін 57,8%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
"Алматы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің төрттен бірінен астамын қамтамасыз ететін донор болып табылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Алматының үлесі 26,2%-ды құрады. 2022 жылы республикалық бюджетке 2 трлн 961,7 млрд теңге түсім жіберілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 41,9-ды құрады", - деді Асқар Әмрин.
Оның айтуынша, жергілікті бюджетке 1 трлн 175,2 млрд теңге түскен, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 42%-ға артық. Түсімдердің қарқынды өсуі барлық бюджеттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етті.