Алматы әкімі Ерболат Досаев қала нысандарын аралау барысында Медеу ауданындағы №48 мектеп-лицейдің жаңа корпусын салу және сейсмикалық күшейту жұмыстарының барысымен танысты.
Жобаға сәйкес жаңа корпус іске қосылса, онда оқушы орындарының саны 260-тан 510-ға дейін артатын болады. Қала басшысы жұмыстардың өткен жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс екенін еске салды. Дегенмен жаңа корпус осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген. Екі жыл бойы балалар №30 мектеп базасында оқуға мәжбүр болды. Белгіленген мерзімдерді бұзғаны үшін мердігер – «Риголит» ЖШС жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта қосалқы нысанды реконструкциялау және сейсмикалық күшейту іс жүзінде аяқталды. Нысанды тапсыру 2023 жылғы 20 маусымға жоспарланған. Осы уақыт аралығында мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілуі, оқу орнында түлектердің құрметіне мерекелік іс-шара өткізілуі тиіс. Ерболат Досаев жұмыстардың аяқталу үдерісін жаңа белгіленген мерзімдерге сәйкес бақылауды тапсырды.