
Бақытжан Сағынтаев жағдайды тұрақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысын өткізді. Жиында Алматыдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығын сақтау жөніндегі шаралар пысықталды.
Бүгінде штаб өкілдері мегаполистегі барлық салалар бойынша дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеу үстінде. Қала әкімі Б. Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және құру, жалақыны уақытылы төлеу, ШОБ және экономиканың нақты секторын қолдау сияқты басым міндеттерді қойды.
Жиында МӘМС жүйесінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық қызметтерді қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар құрылысына инвестицияларды тарту және оны ұлғайту, жұмыс орындарын сақтау, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі шаралар да тілге тиек етілді. Білім беру, мәдениет және спорт саласында аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, бизнесті қолдау және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау, бюджет саясатын оңтайландыру, салық және өзге де төлемдерді әкімшілендіру шаралары қарастырылды. Бұдан басқа, техниканы, жиһаздарды сатып алуға және имидждік іс-шараларды өткізуге арналған бюджеттік шығыстарды қысқарту қарастырылуда.