
Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.
Қала әкімі мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартуға сөзімен ғана емес, ісімен де үлес қосып жүрген экобелсенділер мен қарапайым азаматтарға қолдау білдіретінін айтты. Өткен мерекелік демалыс күндері экобелсенді Тимур Елеусізов жетекшілік ететін бастамашыл топ AirVision қорының қолдауы бойынша Алатау ауданының аумағынан өтетін магистралды газ құбырының санитарлық-қорғау жолағына 58 қарағай ағаштарын отырғызды.
«Жыл басынан бері мұнда 200-ге жуық қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Бұл @sosnovy_bor_almaty атты үлкен жобаның бастамасы және Алматыны жасылдандыруға үлес қосуға ниет білдіретін өзге алматылықтар үшін үлгі әрі өнеге», - деп жазды қала әкімі.
Оның мәліметі бойынша өткен жылы #JasylAlmaty акциясы аясында «Мохнатка» және «Көктөбе» тауларының бөктеріне, «Атакент» ҚІЫО аумағындағы саябаққа, «Атлеттер ауылындағы», «Дәстүрлі өнер театры» маңындағы скверлерге, қала мектептерінің айналасына, «Саялы» ықшамауданына және басқа жерлерге 135 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, МЖӘ аясында 110 шаршы метр алаңда гүлзарлар пайда болды.
«Биылғы жылы шамамен 330 мың ағаш отырғызуды, 122 шаршы метр жерге гүлзарлар жасауды жоспарлаудамыз. Наурыз күндері көктемгі ағаш отырғызу науқаны басталады», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев.






