Алматының Индустриалды аймағында көкөніс өсірушілердің жас өнімдері сатылуда

Алматының Индустриалды аймағында көкөніс өсірушілердің жас өнімдері сатылуда

Алматының Индустриалды аймағындағы жылыжай кешенінде өсірілген жас әрі экологиялық таза көкөністерді сататын дүкен қалалықтарға базар бағасынан төмен өнімдерді ұсынады.

Өндірушілерден тікелей жеткізілген жас көкөністерді сату Алматыдағы жаңадан піскен өнімдердің базардағы орташа бағасына оң әсерін тигізуде. ВRВ АРК ЖШС жылыжай кешенінің дүкеніндегі ассортиментте томаттың сегіз (қызғылт, бұтақты қызыл, черри, сары және басқа қызанақтар), қиярдың екі түрі, баклажандар мен болгар бұрышы бар.

«Біз голландиялық тұқымдарды, эксклюзивті сұрыптарды пайдаланмыз. Көкөністерді өсіргенде пестицидтерді және синтетикалық тыңайтқыштарды қолданбаймыз, яғни біздің өнімдеріміз адамның денсаулығына еш зиян келтірмейді. Жақын арада көкөністердің бағасы көтерілмейді. Қазір күннің жылынуына және электр энергиясын тұтынудың төмендеуіне байланысты өнім бағасы күрт қымбаттамайды», - деп хабарлады компанияның өнімдерді сату жөніндегі менеджері Күмісбек Әбілдаев. Ол өзінің сөзінде қалада қосымша сауда нүктелерін ашу қарастырылатынын айтты.

Жылыжай кешені дүкенге күн сайын екі тонна, ал Алматы базарларына 10 тоннаға дейін көкөністер жеткізеді. Айта кетерлігі, осы жерден арзан бағадағы филе, фарш, бұқтырылған ет, балық уылдырықтарын сатып алуға болады. Балықтар Қырғызстанның Чон-Кемин таулы өзенінің таза суы ағып құйылатын тоғандарда өсіріледі.

Алматының Индустриалды аймағындағы жылыжай кешенінің аумағы 17 гектарды құрайды, мұнда 150 адам жұмыс істейді. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 7 мың тоннадан астам көкөніс шығарады. Компания өнімдері Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларының сауда нүктелеріне жеткізіледі және бір бөлігі Ресейге экспортталады.

Көкөніс өнімдерінің орташа бағасы (ағымдағы жылдың 10 наурызы бойынша) мынадай:

Томаттар – 400 - 900 тг/кг, черри – 600 - 1750 тг/кг, қияр – 360 - 650 тг/кг, баклажан – 460 - 1700 тг/кг, болгар бұрышы – 1000 - 1800 тг/кг . Баға сұрпы мен санатына қарай қойылады.

Дүкен сағат 10:00 ден 19:00-ге дейін түскі үзіліссіз және демалыссыз жұмыс жасайды. Мекенжайы: Алматы, Көкқайнар ықшамауданы, Ә. Мәмбетов көшесі, 1/141.