
Бүгін мегаполис тұрғындарымен өткен есептік кездесуде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев көшелерді жарықтандыру жұмыстары туралы мәлімдеді.
“Өткен жылы көшелерді жаңғыртуға бөлінген қаражат есебінен 300-ден астам магистральді көшелерді жарықтандырдық. Жарықтандыру мәселелері Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарында көтерілді. Біз жарық жүйесі жоқ барлық көшелердің тізімін қайта қарадық. Сондай мың көше анықталды. Жаңа жылдың басына қарай олардың саны екі мыңға жетті. Аудит және түгендеу жүргізілді. Сондықтан бюджетті қайта қарастырдық. Жұмысты МЖӘ тетігі арқылы өткізуді шештік. Біз алдымызға үлкен мақсат қойдық. Жылдың соңына дейін Алматының барлық көшелерін жарықтандыруымыз керек. Жарық жүйесі Алатау ауданындағы сіздердің көшелеріңізді де қамтиды. Сабыр сақтаңыздар”, – деп жауап берді қала әкімі Б.Сағынтаев Алатау ауданы тұрғынының сауалына.
Жарық жүйесі бұрын жарығы болмаған көшелерге тартылады. Түгендеу жүргізілді. Орталықтағы жарық жүйесі жеткілікті көшелердің жарығын жаңғырту тоқтатылды. Енді қаражат шеткі аймақтарға бағытталды.
2020 жылдың басына қарай 329 көшеге жарық жүйесі қойылды. 8,4 жарық нүктелері орнатылып, 6 ауданда 241 шақырым болатын сыртқы жарықтандыру желілері тартылды. Атап айтқанда, Алатауда – 65 көше, Әуезовте – 27, Бостандықта – 54, Жетісуда – 55, Медеуде – 19 және Түрксібте 109 көшеге жарық жүйесі орнатылды.
2020 жылға 13 көшені жаңғырту жоспарланған.
2021 жылы Алматы көшелері мен аулаларын 100% жарықпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Еске салсақ, Алматы қаласы әкімінің есептік кездесуіне рекордты 3,2 мың адам келді.