
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «MEIIRIM» оңалту орталығында болды.
2004 жылы ашылған орталықтың алғашқы күнінен бастап мұнда БЦП және аутизм диагнозы бар 200-ге жуық бала оңалтудан және әлеуметтендіруден өтті. Бұл орталық балалардың күні бойы ата-анасыз жүруіне мүмкіндік беретін елдегі алғашқы мемлекеттік емес мекеме. Мұнда 3 жастан 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы, әлеуметтенуі және оқуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
«Жабдықталу жағынан флагман болып табылатын бұл орталықтың қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартып, оңалту мәселесін шешуде маңызы зор», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Орталық директорының м.а. Амина Өмірәлиева тірек-қимыл жүйесін дамыту, зияткерлік дағдылар, Монтессори және т.б. әдістерімен шұғылдануды қамтитын оңалту орталығының моделімен таныстырды.