
Өңірлік штабтың отырысында Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалық етуімен, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды.
МӘМС жұмысының басталуына екі ай мерзім қалғанда қала тұрғындарын толық қамтуға, барлық медмекемелердің ақпараттық жүйесін біріктіруге, алматылықтардың мәртебесін анықтауға қатысты барлық мәселелерді шешу қажет.
«Әрбір қала тұрғынының МӘМС туралы хабардар болуы маңызды. Сонымен қатар, өздігінен еңбекке қамтылғандармен жұмысты жандандыру және жұмыссыздарды тарту қажет. Қалған уақытта медицина қызметкерлерімен және емханалармен жұмысты барынша күшейткен жөн», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Елжан Біртанов хабарлағандай, әлеуметтік медсақтандыру жүйесі енгізілгенде Алматы бойынша медициналық көмекті қаржыландыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1,5 есеге ұлғаяды.
«Оның үстіне қалпына келтіру үшін емдеу мен паллиативті көмек көлемі 7,5 есе, консультативті-диагностикалық көмек 6,7 есе, стационарлық ауыстыру көмегі 2,3 есе артады», - деп атап өтті министр.