Алматының МӘМС-ды енгізуге дайындығы туралы

Алматының МӘМС-ды енгізуге дайындығы туралы

Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматыдағы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев 2020 жылы Алматы қаласы тұрғындары үшін медициналық көмекті қаржыландырудың бір жарым есеге немесе 45,5 млрд. теңгеге артатынын хабарлады.

 

«Егер 2019 жылы медициналық қызметтің бюджеті 116,8 млрд. теңге болса, 2020 жылға жоспарланғаны 160,4 млрд. теңге. Қаржыландырудың өсуі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты», - деп атап өтті Т. Әбілдаев.

Тілеухан Әбілдаев қазірдің өзінде сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарының ойдағыдай орындалғанын, нормативтік-құқықтық базаның жасақталғанын, медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесінің бекітілгенін, МӘМС-ды енгізудің ақпараттық жүйесінің дайын екенін айтты.

Қазірдің өзінде келісімшарттар мен қосымша келісімдерді қалыптастырудың автоматты функциясы жасалды. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жекелеген құжаттарға қолдар электронды түрде қойылуда. Басты мақсат – медқызметті сатып алудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, жемқорлықтың алдын алу.

Дегенмен, қалада күні бүгінге дейін мәртебесі анықталмаған 55 мыңнан астам азаматтар бар.

«Өздігінен жұмыс жасайтын халықтың мәртебесін анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі кезде қала бойынша жай-күйі белгісіз азамттардың үлесін мына санаттағылар құрайды, «жалданбалы жұмысшылар» - 12 мың адам, «өз бетінше жұмыс жасайтындар» - 15,6 мың адам, «тіркелмеген жұмыссыздар» - 8,8 мың адам. Бүгінгі күні 5,9 мың адам бірыңғай жиынтық төлемді төледі. Атап өтерлік жайт, БЖТ халықтың осы тобына МӘМС жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді», - деді Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Еске салсақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан толық енетін болады. 2020 жылдың 31 наурызына дейін әрбір азамат мәртебесіне қарамастан МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқылы.