Қ.-Ж. Тоқаев: Сағынтаев тәжірибелі басқарушы, Алматыны дамыту оның қолынан келеді

Қ.-Ж. Тоқаев: Сағынтаев тәжірибелі басқарушы, Алматыны дамыту оның қолынан келеді

Мемлекет басшысы оңтүстік астанаға жұмыс сапары барысында Алматының даму стратегиясымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.

 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік мегаполисті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысына Алматының даму стратегиясының жобасын таныстырды. Бағдарлама Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті қолдау, қала шеттерінің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ, бағдарламада Алматы агломерациясын дамыту перспективалары белгіленген.

Кеңесте сөз алған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының бүкіл ел экономикасын дамытудағы рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы әкімдердің қызметіндегі негізгі көрсеткіштер инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, сондай-ақ экологияны қорғау болып табылатынын еске салды.

- Қалада атқарылып жатқан жұмыстар басқа өңірлер үшін үлгі бола алады. Алайда қаланың одан әрі дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы, өмір сүру сапасының жақсаруы мәселелері күн тәртібінде әрдайым тұруы тиіс екендігін ұмытпаған жөн, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астананы дамыту бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.

Бірінші міндет ретінде Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен Алматы экономикасы өсімінің жоғары қарқынын қамтамасыз етуді атады. Ол қаланың индустриалды аймағын мысалға келтірді, мұнда 33 компания тіркелген және тартылған инвестиция көлемі 156 млрд. теңгені құрайды. Мемлекет басшысы осы аймақ құрылған сәттен бастап 7 жыл ішінде 6 жаңа кәсіпорын ғана пайдалануға берілгеніне, ал ағымдағы жылы 1 шағын зауыт қана іске қосылғанына назар аударды.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриялық аймаққа жаңа жобаларды, ең алдымен жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған жобаларды тартуды ұсынды.

Президент қалада еліміздің жетекші университеттері шоғырланғандықтан әрі мұнда жақсы ғылыми және кадрлық әлеует бар екенін ескерсек, инновацияларды дамыту мен жаңа әзірлемелерді енгізудің болашағы зор деп санайды. Дегенмен, осы салада маңызды әзірлемелер жасалмағанын айтқан ол «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА әлеуетін пайдалануды тапсырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бизнес-ахуалды жақсарту және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі қызметті жандандыруға шақырды.

- Егер біз ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын шын мәнінде нығайтқымыз келсе, шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті түрде тіркеу сияқты анахронизмнен қысқа мерзімде арылу керек, - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.