Б. Сағынтаев: қалалықтармен кездесу бізге Алматыны дамыту үшін маңызды шешімдер қабылдауға көмектеседі

Б. Сағынтаев: қалалықтармен кездесу бізге Алматыны дамыту үшін маңызды шешімдер қабылдауға көмектеседі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы тұрғындарымен екінші мәрте кездесті, оған 150-ге жуық сұрақтар қойылды.

 

«Еркін микрофон» форматындағы алғашқы кездесу Алатау ауданында 9 тамызда өтті. Сол кезде 500-ден астам адам жазбаша жән ауызша 400-ден астам сұрақтар қойған еді. Сұрақтардың бір бөлігі сол жерде шешімін тапты, қалғандарына жіті сараптама жасалды, оның қорытындысы бойынша қаланың түрлі басқармалары мен қызметтеріне және аудан әкімдігіне 161 тапсырма берілді.

Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі жер телімдерін заңдастыру болып табылады. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша 930 проблемалы учаскенің 724-ін рәсімдеу жөнінде нақтылы шаралар жүзеге асты. Қалғандары бойынша қосымша жұмыстар жүруде, өйткені олардың кейбіреуі су қорғалатын аймаққа, көшелердің «қызыл жиегіне», электр өткізгіш желілердің қорғалатын аумақтарына орналасқан.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматы» бесжылдық жоcпары аясында ауданды дамыту шаралары туралы хабарлады.

Коммуналдық мәселе бойынша – шілдеден бастап 315 үй бар «Рахат- Мәдениет»ықшамауданында ұзындығы 2,65 км болатын газ құбырының құрылысы жүруде. Газқұбыры іске қосылғанда «Теплоэнергетик» және «Энергостроитель» бау-бақша қауымдастығының тағы 298 үйі газбен қамтамасыз етіледі. Жалпы, ағымдағы жылдың аяғына дейін Алатау ауданында 4,15 км газ желісін тарту жоспарлануда.

Тоғыз ықшамаудандарда ұзындығы 291 км болатын инженерлік желілердің құрылысы жалғасуда, олар:«Әйгерім», «Өжет», «14-ші аумақ», «Ақбұлақ» (аяқталып қалды), «Шаңырақ-5», «Самғау», «Көк-Қайнар», «Шапағат», «Алғабас». Сонымен қатар, 156,6 км су құбыры, 134,5 км кәріз желісі тарттылуда.

Жоғарыда аталған ықшамаудандардағы желілер іске қосылғанда Алатау ауданының тұрғындарын ауыз сумен қамту 85%-дан астамды құрайтын болады.

Ауданда 131 аула аумағы бар. Олардың 125-де көше жарығы мәселесі шешілді, 53 аула толық абаттандырылды. «Ақбұлақ», «Дархан», «Өжет», «13-14 аумақтар», «Зерделі», «Самғау», «Әйгерім» және «Алғабас» ықшамаудандарын су басып қалу проблемасын шешу үшін ұзындығы 6 км болатын арық желісін салуға қаржы бөлінді.

«Дархан», «Шапағат», «Әйгерім-2», «Томирис», «Өжет», «Шаңырақ-1» ықшамаудандарында көше жарығының 767 бағанасы орнатылды.

«Нұркент»,«Саялы», «Шапағат», «Зерделі» ықшамаудандарында 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Үш жылдық Jasyl Almaty жобасы аясында аудан аумағында 135 мың ағаш отырғызылатын болады.

Ауданда ұзындығы 120 км болатын және 12 ықшамаудандарды («Ақбұлақ», «Қарасу», «Көк-Қайнар», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Томирис», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-2», «Дархан-Байбесік», «Әйгерим-1», «Әйгерим-2», «Саялы-2») қамтитын жаңа жол салынуда.

Биылғы жылы «Шаңырақ-2», «Ұлжан-1», «Көкқайнар», «Әйгерім», «Қарасу», «Дархан» ықшамаудандарындағы ұзындығы 23 километрден асатын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі кезде ауданда 641 автобус қызмет көрсететін 45 бағыт бар. Тұрғындардың өтініші бойынша 2019 жылдың соңына дейін қоғамдық көліктің қалалық паркін 200 автобус бірлігімен толықтыру жоспарланған. Осының есебінен жаңа бағыттар ашылады және бұрыннан бар бағыттарда автобус саны артатын болады. №69 және №102 бағыттар ұзарады, №10 бағыттағы жылжымалы состав жаңарады.

Биылғы жылы Алатау ауданында 3400 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде Индустриалды аймақта 7 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті жаңа бастағандарды оқытуға және еңбекпен қамтуға ерекше назар аударылған. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша Алатау ауданында 474 адам дәріс алды, олардың 108-і көпбалалы аналар, 267 адам оқуларын жалғастыруда, олардың 85-і көпбалалы аналар. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 260 адам оқуын аяқтады. «Іскер ана» бағдарламасы бойынша 17 көпбалалы ана өздерінің жеке істерін ашты.

«Алматы-шетсіз қала» және «Алматы Бизнес-2025» бағдарламалары бойынша «Алматы» ӘКК құрылымдық бөлімшелері ауданның шағын кәсіпорындарына 1,1 млрд. теңгеден астам несие беру жөнінде жұмыстар жүргізуде. Мұнда пайыздық мөлшерлеме 7 пайыздан аспайды. Бұдан өзге аудан кәсіпкерлеріне микронесиелер түрінде 47 млн. теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.

Полиция жұмысының жаңа сервистік үлгісі бойынша қалада полицияның 22 модульді постысы ашылды, оның екеуі Алатау ауданында. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша бағдаршамдар мен тыйым салатын жол белгілерін орнату, бағдаршамдар жұмысын реттеу бойынша бірқатар шаралар іске асты.

Жүргізуші тәртібін күшейту мақсатында көшелердің бес бұрылыстары мен 24 учаскесіне «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды.

Биылғы жылы Нұркент ықшамауданында 600 орынды (№201) жаңа мектеп ашылды. №182 мектеп базасында балалар үйірмелері (домбыра, шахмат, тоғыз құмалақ) жұмыс істеуде. Зерделі ықшамауданында 2022 жылдың аяғына дейін салынуы тиіс 600 орынды мектеп үшін 2 гектар жері телімі бөлінді. 2020 жылғы жаңа оқу жылында №164 мектеп жанынан салынатын 192 орынды қосалқы нысанның құрылысы аяқталады.

Сонымен қатар, 3,3 мың орынды төрт мектептің және мектептер жанындағы 400 орынды қосалқы нысандардың құрылыстары басталады. 2024 жылға дейін жоспар бойынша 4,2 мың орынды тағы төрт мектеп салынады.

Бұдан өзге, 720 орынды қызмет көрсету колледжі мен 600 орынды екі бала бақша салу жоспарланған.

Жедел медициналық көмек көрсету үшін жедел медициналық көмектің 12-ші қосалқы станциясы іске қосылды әрі ол толық жабдықталған 18 бригадамен қамтылған. Бұл Алатау ауданында жедел жәрдем көлігінің орташа уақытын 25-тен 11 минутқа дейін қысқартты.

Сонымен қатар, ауысымына 200 адам келетін дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.

Ауданда   аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін «Бақытты отбасы Алатау» орталығы ашылды. Орталықтың жобалық қуаты – күніне 100 адам. Мұнда аз қамтылған көпбалалы отбасылардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, қиын өмірлік жағдайдан шығуларына ықпал ететін «Іскер ана» бағдарламасы қолға алынған. Алатау ауданының 108 көпбалалы аналары «Бастау Бизнес кәсіпкерлік негіздері» курстары аясында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 505 000 теңге көлемінде (200 ОАК) гранттар алды. Қазіргі кезде ауданның тағы 85 анасы оқуда.

17 көпбалалы аналар өз бизнестерін ашты, «Менің кәсібім» жобасы бойынша 10 көпбалалы ана қажетті тауарлармен, жабдықтармен (тігін машиналары, пештер,тоңазытқыштар, маникюр құралдары, материалдар және басқалары) қамтамасыз етілді, қазір олар өз жобаларын ойдағыдай жүзеге асыруда.

Алатау ауданының тұғындары «Бюджетке қатысу» жобасы аясында құны 1,2 млрд. теңге болатын 32 ұсыныс енгізді, 1 млрд. теңгенің 26 жобасы дауыс беруге жіберілді.

«Open Almaty» сайтындағы ашық дауыс беру нәтижесі бойынша құны 439, 7 млн. теңге болатын 8 жоба жеңімпаз атанды.

«Алматылықтармен мұндай кездесулер бізге қаланы дамытудың маңызды шешімдерін қабылдауға көмектеседі. Жоғарыда аталған жобалар Алатау ауданы тұрғындары өтініштерінің негізінде жүзеге асуда. Бұл қалалықтармен бірлесіп жұмыс жасау керек деген менің сөзімді дәлелдейді», - деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.