Алматыдағы Алматы облысының мәдени күндері

Алматыдағы Алматы облысының мәдени күндері

Алматы облысының мәдени десанты екі күн бойына қала тұрғындары мен қонақтарына өздерінің мәдени шеберліктерін көрсетті.

 

Алматы әкімі Б. Сағынтаев қала мен облыстың мәдени алмасу шарасына қатысқан мәдениет пен өнердің барлық қайраткерлеріне алғыс сөзін білдірді.

«Жетісудың даңқы өзінің рухани және мәдени байлығымен кеңінен танымал, мұнда дәстүрлер үйлесімді сақталуда және заманауи өнер дамуда. Осындай мәдени кездесулер облыс пен қала тұрғындары үшін пайдалы, сондықтан біз мәдени ынтымақтастықты кеңейтетін боламыз», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арасында ынтымақтастықты кеңейту бойынша меморандумға қол қойылды.

Мәдени алмасу шарасы аясында Алматы облысының заманауи эстрада, классикалық сахна артистері, театр мен кино актерлері, мәдениет пен өнер қайраткерлері қаланың бас сахнасы Республика Сарайы мен қала театрларында және Алматы музейлерінде өз өнерлерін жұртшылыққа ұсынды.

2-3 желтоқсанда мәдени шара аясында Балпық бидің 325 жылдығына, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына және М. Тынышбаевтың 140 жылдығына арналған «Бақ мекен Жетісу» атты көшпелі көрменің ашылуы өтті. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Талдықорғанның Б. Римова атындағы драма театрының М. Әуезовтың романы бойынша «Айман-Шолпан» спектаклі көрсетілді.

Сонымен қатар, Жетісудің жас ақындары қаладағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында оқырмандармен кездесті. Балалар үшін «Құстар фестивалі» қойылымы ұйымдастырылды.

Республика Сарайының фойесінде Алматы облысы қолөнер шеберлерінің, суретшілерінің, музейлерінің «Туған өлке – тұнған тарих» атты көлемді көрмесі кең қанат жайды. «Жерұйық мекен – Жетісу» салтанатты концерті облыстың мәдени күндерінің басты шарасы болды.