Медициналық қызметтің сапасын арттыру: Алматыда МӘМС қалай енгізілуде

Медициналық қызметтің сапасын арттыру: Алматыда МӘМС қалай енгізілуде

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі 21 қаңтарда №5 қалалық клиникалық аурухана алаңында азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМКК) қызмет көрсету процесстерін түсіндіру бойынша баспасөз-турын өткізді.

 

Баспасөз-турына қатысушылар №5 қалалық клиникалық аурухана жұмысының үлгісінде республика және Алматы қаласы бойынша МӘМС аясында көрсетілуі тиіс медициналық қызметтің барлық түрлерімен танысты. Олар емхананың, стационарлық бөліктің, оңалтудың және басқаларының жұмыстарын аралап көрді.

Баспасөз-туры аяқталған соң Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың, Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың бас директоры Болат Садықовтың қатысуымен брифинг өтті.

Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілді. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылды деп есептейтін өтпелі кезеңнің 2020 жылдың 31 наурызына дейін қолданыста болатындығын атап өтті.

Бүгінгі күні Алматы қаласының инфрақұрылымы ТМКК және МӘМС аясында медициналық қызметтің барлық түрін тек Алматы қаласының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар қаланың медициналық ұйымдарында ТМКК және МӘМС бойынша медициналық көмекті қалайтындарға да көрсетуге дайын.

«Қазіргі кезде еліміздің барлық тұрғындарының мәртебелеріне қарамастан МӘМС аясында артықшылық пен басымдықтықты сезіне отырып, медициналық көмекті алуларына толық мүмкіндіктері бар. 1 сәуірден бастап медициналық қызметті толық көлемінде алу үшін олар сақтандырулары тиіс. Медициналық мекемеге келер алдында азаматтар телеграм-бота, e-gov порталы немесе министрлік пен қордың ресми сайттарына ене отырып сақтандырылғандықтары туралы өздерінің мәртебелерін біле алады», - деп түсіндірді Т. Әбілдаев.

Т. Әбілдаев бүгінгі күні Алматы қаласының барлық медициналық мекемелері ТМКК және МӘМС аясында азаматтарға заманауи медициналық қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылыммен жабдықталғанын атап өтті.

«Қаланың техникалық дайындығы барынша жоғары, барлық мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген, жұмыс орындары компьютерлік техникамен 100 пайыз жабдықталған. Айта кетерлігі, денсаулық сақтау субъектілерінің инфрақұрылымдары да дайын», - деді Т. Әбілдаев.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров өз кезегінде медициналық ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«2020 жылы МӘМС енгізу барысында оңалту және қалыпқа келуге көмектесу бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың саны 62-ге жетті, олардың 25-і жеке клиникалар. Егер салыстыратын болсақ, 2019 жылы небәрі 4 медициналық мекеме ғана медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша қызмет көрсетті»-, деп хабарлады Нұрлыбек Қабдықапаров.

Ол өзінің сөзінде 2020 жылы медициналық сақтандыру қорының халыққа медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсету үшін медицина мекемелерімен келісім жасалғанын айтты.

«Қаржыландыру көлемі жеткілікті деңгейде және ұсынылатын медициналық қызметтің сапасы да жоғары. Мен мемлекет МӘМС енгізе отырып, азаматтардың денсаулығына деген жауапкершілікті өзінен алып тастамайтынын атап өткім келеді», - деп қорытындылады сөзін Н. Қабдықапаров.

Еске салсақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев медициналық қызметтің сапасын арттыратын және қолжетімді ететін МӘМС енгізу жөнінде бастама көтерген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке МӘМС мәселелерін жүзеге асыруға барынша жауапкершілікпен қарауды тапсырған болатын.