Алматыда сауданы ұйымдастырудың бірыңғай Ережелері әзірленеді

Алматыда сауданы ұйымдастырудың бірыңғай Ережелері әзірленеді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин сауданы ұйымдастырудың жаңа Ережелерін әзірлеу, сондай-ақ маусымдық алаңдарды орналастыру туралы айтты.

 

Өткен жылдың желтоқсанында қол қойылған «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға сәйкес сауданы ұйымдастырудың Ережесі әзірленуде, онда сауданың стационарлық емес объектілерін (СЕО) орналастырудың негізгі талаптары мен орналастыру өлшемдері, бірыңғай дизайн-код, сонымен қатар кәсіпкерлерге орын бөлу тетіктері көрініс табатын болады.

Еркебұлан Оразалин хабарлағандай, кәсіпкерлердің берген өтініштері бойынша стационарлық емес сауда объектілерін, оның ішінде жылжымалы фуд-трактарды орнатуға арналған орындарды санитарлық нормаларды сақтай отырып ұсыну қажет және жақын жерде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрі бар коммерциялық нысандар болмауы тиіс.

«Қазіргі кезде кәсіпкерлердің өтініштері бойынша стационарлық емес сауда объектілерін орнатуға арналған «Атамекен» ҰКП ұсынған 250 жер учаскелерінен бірінші кезеңде 85 учаскелер іріктелді. Олар аукцион арқылы немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін отандық тауар өндірушілермен тікелей келісім жасау арқылы ұсынылады», - деп атап өтті Е. Оразалин.

Бұлардан өзге, фуд-трактарды орналастыру үшін шамамен 50 орын анықталатын болады.

Сауданың станционарлық емес орындарына (СЕО) ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа тікелей жеткізетін жәрмеңке қызметі де жатады. Қазіргі кезде қаланың 5 ауданында «демалыс күні» жәрмеңкесі жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың ақпан айында қосымша 5 жәрмеңке ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, маусымдық (жазғы) алаңдардың қызметіне де ерекше назар аударылады. Әзірленетін Ережелерде оларды орналастыру, абаттандыру және пайдалану жөнінде негізгі талаптар жазылады.

Е. Оразалин атап өткендей, маусымдық алаңдар тек стационарлық тамақтану объектілері жанына ғана орналасуы тиіс. Бұл талаптар мемлекеттік қор аумағындағы, сондай-ақ жеке жер учаскелеріндегі объектілерге қатысты. Маусымдық алаңның аумағы өзі орналасқан стационарлық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының алаңынан аспауы тиіс.

«Айта кетерлігі, маусымдық алаңдарды қалалық жолаушылар көлігінің аялдамаларына, жер асты және жер үсті өтпелі жолдар аумағына, метрополитеннің техникалық нысандарынан 25 метрлік қашық аумаққа, ғимараттардың аркаларына, гүлзарларға, балалар және спорт алаңдарына, көлік тұрақтарына, тұрғын үйлердің және оларға жапсарлас салынған қосалқы нысандардың шатырларына орналастыруға болмайды», - деп түсіндірді Е. Оразалин.

Қалада шамамен 270 жазғы алаң бар, оның 10%-ға жуығы жеке аумақтарға, 90%-ы мемлекеттік қор аумағына орналасқан.

Жаңа Ережелерге сәйкес, мемлекеттік қордың жерлеріне орналасқан маусымдық алаңдарды тек жеңіл құрылымдар мен уақытша құрылыстардан орнату қажет. Е. Оразалин жеке меншік аумақтардағы жазғы алаңдарға қойылатын талаптар тек жаңа ашылған нысандарға ғана қатысты екенін, ал бұрыннан бар сауда орындарының өзгеріссіз қалатынын атап өтті.