Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанатындағы Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың сөзі

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанатындағы Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың сөзі

Биылғы 2020 жыл еліміздің тарихы үшін маңызды атаулы күндерге бай болып отыр. Төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы – солардың ішіндегі ең елеулілерінің бірі. Ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматы қаласында басталуының да өзіндік сыры бар.

Себебі, еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия да Алматы қаласында қоныс тепкен. Оған әл-Фараби кітапханасы мен Фараби орталығын қосыңыз. Осы орайда, сіздерге сүйікті қаламызға қош келдіңіздер дей отырып, бүгінгі айтулы шара – әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуымен баршаңызды құттықтаймын!

Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – бұл табиғи заңдылық. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін, уақыт бедеріне салған өз таңбасын, қалдырған құндылықтарын ұдайы бағалап отыруы тиіс.

Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр.

Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқылы, Әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады.

Бүгінгі шараның басты себепкері – ортағасырлық ғұлама ойшыл, энциклопедист-ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан білімнің сарқылмайтын қайнар бұлағы.

Елдігіміз бен интеллектуалдық әлеуетімізді әлем жұртшылығына паш ететін ғұламаның дәл қазақ топырағынан шыққаны біздер үшін зор мақтаныш.

«Екінші Ұстаздың» философиялық, логикалық, метафизикалық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылым салалары бойынша әлемдік ғылымға қосқан үлесінің теңдесі жоқ.

Ғалым философиясының негізгі тақырыбы – адам. Ол адам бойындағы қасиеттерді мұқият зерделейді. «Өмірдегі мақсат – адамның кемелденуі. Ал кемелдену – адамның «екі дүниеде» де асқан бақытқа жетуі. Адамның ізгі ниетімен бақытқа жетуі тек білім жинақтаумен, яғни, теориялық білімді бойына барынша мол дарытуымен тікелей байланысты» деп есептейді ғалым. Теориялық білімдерді әл-Фараби «даналық» деп атап, әрбір жан бақытқа тек философияны терең меңгергенде ғана жететінін баса айтады.

Әл-Фараби –ғасырлар қойнауынан тұтастай адамзат баласына үн қатқан биік парасат пен кемел ақылдың иесі болды. Оның айтқан ойлары бүгінгі таңда да әлемдік ғылымда өзекті және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде аса маңызды. Ғұламаның «Даналық жауһарлары», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты еңбектері мыңдаған жыл өтсе де әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.

Солардың ішінен, мен бүгінгі таңдағы қала өмірі үшін ойшылдың «Қайырымды қала» туралы идеялары аса өзекті деп санаймын. Дамыған «қайырымды қала идеалы» – әдептілік, әділет және қала тұрғындарының ортақ игіліктерге жету жолына негізделген. Мінсіз қайырымды қала болу үшін қала тұрғындары өзара бір-бірін шынайы қолдап, жетістіктерге бірге қол жеткізуді мақсат тұтады. Әрине, бірыңғай ортақ талапқа жауап беретін қоғам құру мұратының шынайы өмірде іске асуы қиын да шығар. Дегенмен, ол адамдардың жақсылыққа деген талпынысын, өмірге құштарлығын өзгертті. Адамзат баласының әу бастан армандаған мәңгілік мәселелерінің бірі – үйлесімге, бақытқа жету екендігін ұқтырды.

Сондықтан да, әл-Фараби ең алдымен ел басшыларының өзі биік мұраттарға қызмет етіп, көпке үлгі болуы тиіс екендігін ерекше дәріптейді.

Әл-Фараби айтып кеткен ізгі армандарды жүзеге асыру, сол межеге ұмтылу – дүниежүзіндегі барлық қауымдардың түпкі мақсаты. Осы орайда, Алматы қаласының дамуына қатысты бекітілген бағдарламаға Сіздердің де назарларыңызды аударғым келеді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы өзінің даму жолын 7 стратегиялық бағытта жүргізуді көздеп отырғаны өздеріңізге мәлім:

Біздің пайымымыз бойынша болашақ Алматы бұл:

1) Шеті жоқ қала;

2) «Ақылды қала;

3) Тең мүмкіндіктер қаласы;

4) Қауіпсіз қала;

5) Жасыл қала;

6) Жаһандық іскерлік орталық;

7) Мәдени креативті қала.

 

Байқасаңыздар, біздің ұстанып отырған бұл мақсаттар әл-Фараби мұрат еткен «қайырымды қала» тұрғызу қадамдарымен ұштасып жатыр.

Үлгілі қаланы құруда философтың ұстанар басты принциптері: теориялық қисындар мен қайырымдылық іс-әрекеттердің бірлігін сақтау, яғни, сөз бен істің тұтастығы. Әл-Фараби адамның, яғни қала тұрғынының бақытын барлығынан да жоғары қояды.

Біздің халқымызда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейтін қанатты сөз бар. Әл-Фараби да жақсы әрекетті әдетке айналдыру қажет деп санайды.

Ол әдетті адамның мінез-құлқын тәрбиелеуші негіз деп біледі. Демек, қалада тазалық, тәртіп, қоғамдық қарым-қатынастардағы сыйластық, адамгершілік нормаларының сақталуын әдетке айналдырсақ, қала тұрғындарының рухани қазынасы да молая түспек.

Әл-Фараби бақытқа «өз еркімен және таңдауымен» жақсылық жасағанда ғана жетуге болатынын атап өтеді. Осындай жақсылық жасау әдебіне азаматтарымызды дүниеге келген сәттен бастап баулу біздің мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Елімізде «Волонтерлар жылы» аталған биылғы жылды қайырымды қоғамға бастайтын жол деп санауға толық болады және ол біздің табиғатымызда бұрыннан бар.

Бұхар бабамыздың: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін қанатты сөзі бар. Бүгінгі біздің әлем қауымдастығы алдында беткеұстар жақсымыз да, ғалымымыз да – әл-Фараби. Оның мұрасын онан ары зерттеу, бүгінгі күннің қажетіне жарату бағытында атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік. Осы ретте, бірқатар шараларды қолға алсақ орынды болар еді.

Соларды нақтылар болсақ:

Ең алдымен, әл-Фараби мұрасын зерттеу әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, зерттелетін қырлары жетерлік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әл-Фараби еңбектерін, шет тілдердегі аудармаларын туған жеріне қайтарып, әл-Фараби орталығының жеке қорын жасау керек. 1975 жылы ойшылдың 1100 жылдық мерейтойынан бастау алған аударма ісін қайта жандандыру керек;

Екіншіден, Алматы – жастар қаласы. Жастар – ел болашағы. Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиден: « - Уа, Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ?» - деп сұрағанда, әл-Фараби: «– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін», − деген екен. Осы ретте әл-Фарабидің адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеу ісі қоғамды ізгілендіруге септігін тигізері анық. Бүгінде студент жастар арасында арнайы әл-Фараби шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялау, Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау ұсынылып отыр.

Үшіншіден, Алматы қаласында 2009 жылдан бері ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасы» бүгінде кеңінен танымал. Осы сайысты «Жәутіков олимпиадасы» секілді жаңа бір сапалық деңгейге, халықаралық деңгейге көтерген жөн деп санаймын!

Төртіншіден, Әл-Фарабидің жүріп өткен жолын саралау арқылы, туристерге тартымды болу үшін жарнамалық бағытта «Әл-Фараби ізімен» интерактивті картасын дайындап, соның негізінде интерактивті тур маршрутын жасау орынды болар еді.

Бесіншіден, ғұлама ойшылдың ғылыми нысанына аспан денелерін зерттеу ілімі де енген болатын. Жас жеткіншектерге Фараби мұрасының жан-жақтылығын дәріптеу мақсатында Алматы қаласындағы Обсерватория ішінен Фараби бұрышын ашуды ұсынамын.

Тұлғаның адамдық қасиетін жетілдіру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни, тек материалдық байлық адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы тақырыптық тренингтер аса қажет.

Осы орайда Фараби ұсынған «Бақытқа жетудің даналық жолы» тренингтерін өткізу қоғамды ізгілендіруге жөн сілтейді деп ойлаймын.

Әл-Фарабидің танымы бойынша, қала бақытты тұрғындардан тұруы тиіс. Мұндай қала қуатты мемлекеттің негізі болмақ. Ойшыл ұсынған бақытқа жету формуласы – «Адамның өзін-өзі жетілдіре отырып, кемелдікке жету жолы». Фарабидің бүгінгі бақытты адамы – заман сұранысына бейімделе алатын, рухани мәдениеті жоғары тәуелсіз елдің жасампаз тұлғасы!

Ұлы ғалымның 1150 жылдық мерейлі белесі той тойлаудың емес, бүгініміз бен келешегімізді таразылайтын ой мерекесі болғай!