
Бұл жайлы қала әкімі әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Қазақ ұлттық университетінде өткізілген салтанатты іс-шарада айтты.
«Дамыған «қайырымды қала идеалы» – әдептілік, әділет және қала тұрғындарының ортақ игіліктерге жету жолына негізделген. Мінсіз қайырымды қала болу үшін қала тұрғындары өзара бір-бірін шынайы қолдап, жетістіктерге бірге қол жеткізуді мақсат тұтады. Әрине, бірыңғай ортақ талапқа жауап беретін қоғам құру мұратының шынайы өмірде іске асуы қиын да шығар. Дегенмен, ол адамдардың жақсылыққа деген талпынысын, өмірге құштарлығын өзгертті. Адамзат баласының әу бастан армандаған мәңгілік мәселелерінің бірі – үйлесімге, бақытқа жету екендігін ұқтырды», - деді Б.Сағынтаев.
Сондықтан да, әл-Фараби ең алдыменел басшыларының өзі биік мұраттарға қызмет етіп, көпке үлгі болуы тиіс екендігін ерекше дәріптейді.
«Мың жыл бұрын болсын, бүгін болсын біздің алдымызда басты міндет – тұрғындар өмірінің сапасын жақсарту үшін жағымды орта қалыптастыру тұр. Осы орайда, Алматы қаласының дамуына қатысты бекітілген бағдарламаға Сіздердің де назарларыңызды аударғым келеді», - деп, атап өтті Б.Сағынтаев.
Алматы қаласы дамуының 7 стратегиялық бағыты:
1) Шеті жоқ қала, онда барлық аудандар бірдей деңгейде жақсы дамып, бәрінде де өмір сүру деңгейі жоғары болуы тиіс.
2)«Ақылды қала», жоспарлау мен құрылыс жүргізуде, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлік, білім беру, халықтың денсаулығы, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқару салаларында үздік әлемдік смарт-тәжірибелерді қолданатын шаһар.
3) Тең мүмкіндіктер қаласы – жасына, жынысына, ұлтына, денсаулығына және мәртебесіне қарамастан кез келген адам әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізе алатын қала.
4) Қауіпсіз қала, қылмыстық қол сұғушылықтар, жол-көлік оқиғалары, төтенше жағдайлар тәуекелдері барынша азайтылған мегаполис.
5) Жасыл қала – өзінің барлық ресурстары мен табиғи игілігіне ұқыпты қарайтын, өмір сапасының жаһандық рейтингі бойынша үздік 100-діктер қатарына кіретін, ауасы таза, жасыл желегі мол бақ-қала.
6) Жаһандық іскерлік орталық, ірі халықаралық ұйымдар мен корпорациялардың өңірлік кеңселерін орналастыру үшін тартымды, Жаңа Жібек жолындағы маңызды көліктік-логистикалық және туристік хаб болатын шаһар.
7) Мәдени креативті қала – бүкіл әлемнен инвестициялар мен таланттарды өзіне тартатын инновациялар мен «білім экономикасының» жаңа индустрияларының орталығы.