Алматы қаласында әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша ашық конкурс өтеді

Алматы қаласында әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша ашық конкурс өтеді

Түркілер әлемінің ұлы философы, ойшылы туғанына 1150 жыл толуына орай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Әл-Фараби еңбектерін зерттеу бойынша конкурс жариялады.

 

Алматы – жастар қаласы. Жастар – ел болашағы. Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиден: «- Уа, Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ?» - деп сұрағанда, әл-Фараби: «– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін», − деген екен.

Осы ретте қала әкімі: «әл-Фарабидің адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеу ісі қоғамды ізгілендіруге септігін тигізері анық. Бүгінде студент жастар арасында арнайы әл-Фараби шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялау, Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау ұсынылып отыр», - деді.

Алматы қаласында 2009 жылдан бері ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасы» бүгінде кеңінен танымал. Осы сайысты «Жәутіков олимпиадасы» секілді жаңа бір сапалық деңгейге, халықаралық деңгейге көтеруді де әкім өз сөзінде алға тартты.

Тұлғаның адамдық қасиетін жетілдіру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни, тек материалдық байлық адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы тақырыптық тренингтер аса қажет. Осы орайда Фараби ұсынған «Бақытқа жетудің даналық жолы» тренингтерін өткізу де қолға алынды.