
М. Отыншиев айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде 25,5 мың тұрғын тұр. Оның ішінде 10 мыңға жуық адам-бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және 11,8 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жатады.
"2019 жылы тұрғын үйге мұқтаж жандарға 2913 пәтер бөлінді. Айта кету керек, пәтерлердің 64% - ы өз баспанасы жоқ азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әзірленген "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жеңілдікті несиелендіру бойынша бөлінген", - деді Мейіржан Отыншиев. Одан бөлек, жұмыс істейтін жастарға 1050 жалға берілетін пәтер жарияланғанын да атап өтті. Ағымдағы жылы да бұл үрдіс қайталанбақ. "Бақытты отбасы" республикалық бағдарламасы бойынша 246 қарыз берілді, оның иегерлері: 121 көпбалалы отбасы, 96 толық емес отбасы және 29 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы. Сондай-ақ, өткен жылы 284 көпбалалы отбасы қалалық "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификатына ие болып, баспанамен қамтамасыз етілді.
Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бизнес-процестерді оңтайландыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін бүгінгі күні тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың Республикалық бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды.
Осы жүйеге сәйкес, кезек толығымен электрондық үкімет (e-gov) порталына ауыстырылды. ЭЦҚ болған жағдайда кезекте тұрған адам күн сайын өз кезегін қарап, қозғалыс динамикасын көре алады.
Бұған қосымша, құрамына азаматтық қоғам, Қоғамдық кеңес, БАҚ өкілдері кіретін тұрғын үйді бөлу жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Брифинг соңында Мейіржан Отыншиев бүгінгі күні кезекте тұрудан пәтер берілгенге дейін тұрғын үйді бөлу процесін ақпараттандыру толығымен аяқталғанын хабарлады.